Арал-Каспий өңірінің діни нанымдар мен ғұрыптары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:11, 2017 ж. сәуірдің 19 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Сурет:Mapofsaks.jpg
Массагет тайпалары мекендеген аумағы. 1000 б.з.б — 500 б.з.б

Арал-Каспий өңірінің діни нанымдар мен ғұрыптарыАрал-Каспий өңірі дах-массагет тұрғындарының діни-идеологиялық түсініктері басты белгілері жағынан қола дәуіріне барып тірелетін және скиф-сармат-сақтобының туыстас халықтарының көзқарастарынан көрінетін ежелгі үнді-иран негізі арқылы анықталды. Олардың негізінде политеизм — табиғат пен адамды Ғалам тәртіпке келтірілген шекте баскаратын басты-басты бірнеше құдай бар деген түсінік жатыр. Дах-массагеттерде материалдық дүние элементтерінің — жартастардың, бұлақтардың жануарлардың және т.б. жаны бар деген, сондай-ақ рухтар — табиғаттың, жануарлардың, адамдардың қамқоршысы бар деген түсініктің болғанына күмән келтіруге бола қоймас. Дах-массагет көшпелілердің идеологиялық өмірінде өлетін және қайта тірілетін табиғат туралы түсініктермен, сондай-ақ жерлеуге табынумен тығыз байланысты ата-бабаға табынудың зор рөл атқарғаны күмәнсіз. Сондықтан адам жерленген аумақ киелі деп саналған, табынып, ара-тұра ас беріп, еске түсіру жоралғыларын жасайтын орын болған. Б. з. б. IV—II ғасырларда өлген адамдар әдетте жерден қазылған шұнқырларға (олар көбінесе тақтатастармен жабылған) немесе қырынан қойылған тақтатастардан тұрғызылатын мазарларға жерленген. Бұл орайда молаға бір емес, туыс болуы мүмкін бірнеше адам жерленген болуы ықтимал. Сол кезде адамдарды бір қабірге бірнешеден жерлеу ғұрпы таралады, бұл ретте өзінше бір тас немесе топырақ сағана болып табылатын бір жерлеу құрылысына өлген адамдар ондаған жылдар бойы жерленіп отырған. Мәселен, Дықылтас атырабындағы (Маңғыстау облысы) күрделі жерлеу құрылысын зерттеген кезде оның үш лақатынан 30 шақты адамның сүйегі табылды. Кезекті жерленетін мәйітті орналастырған кезде бұрынгы өлген адамдардың сүйектері әдетте лақат қабырғаларының біріне қарай ысырылып отырған. Б. з. б. II ғасырда — б. з. III ғасырда аймақта үңгіме қуыстарға — төбесі күмбез тәрізді және әдейі жасалған есігі бар жер лақаттарға жерлеу таралады.

Өліктің немесе оның жанының өлгеннен кейін тіршілік ететіні туралы түсініктерге сәйкес елікті жерлеген кезде молаға оның о дүниедегі өміріне «қажетті» заттар салынып отырған. Ер адамдар жерленгенде салынатын ол заттар әдетге қару-жарақтар: темір семсер мен қанжарлар, жебелердің қола ұштары, сондай-ақ пышақтар, басқа жақтан әкелінген қыш ыдыстар болған. Әйелдерді жерлегенде әшекей заттар (моншақтар, білезіктер, жүзіктер және т. б.), сәндік заттар (қола айналар, орамалдар), еңбек құралдары (инелер, саз және тас ұршықбастар) және керамика ыдыстар салынған.

Жерлеу құрылыстарының үстіне әдетте биіктігі 1—6 м болатын топырақ немесе тас үйілген. Сонымен бірге оба үйіндісі дүниелік тау (дүние кіндігі) идеясын айқын білдіріп, молаға орнатылған ескерткіш әрі жақсы бағдар болтан. Оба үйіндісінің шет жақтары көбінесе тақтатастармен және дөңгелек орлармен айналдыра қоршалып, оның төңірегіне құрбан шалатын тас орындар, еске алатын орындар және тігінен тас бағандар — менгирлер орнатылған. Құрбан шалатын орындар — тік бұрышты немесе тостаған тәрізді, еске түсіріліп ас берілетін орындар — шеңбер тәрізді көлемі әр түрлі өнделмеген тақтатастардан салынған кішкене тас жәшік, жайпақ немесе тастан қаланған баған түрінде болған. Б. з. б. IV—II ғасырларда ғибадатханалар тобының көптеп тұрғызылуы ата-бабаларға және рубасы — батырға табынудың маңызын ерекше айқын көрсетті. Көбінесе Батыс Үстірттен табылған осындай 20 ғибадатхананың төртеуі — Бәйте-1 және 2, Қарамоңке, Терең қазылып зерттелді "3. Ғибадатханалардың ерекше белгілері олардың аумағындағы диаметрі 17 метрге дейін жететін, жете өңделмеген тақтатастардан қаланып, айналасына дөңгелете ор қазған сақина сияқты дуал түріндегі табыну құрылыстар, түрі мен көлемі әр алуан құрбан шалатын орындардың (сонын ішінде көлемі 1,3x1,1 м болатын тас «үстелдердің»), еске түсіру орындарының, сондай-ақ антропоморфтық тас мүсіндер мен менгир-құлпытастардың көптігі болып табылады; кейбір жағдайларда табыну орнына көлемі едәуір оба үйілген. Арал-Каспий теңіздері аралығындағы ғибадатханалардан табылғандары сияқты тас мүсіндер Орта Азия, Қазақстан аймағының басқа еш жерінен кездеспейді; олармен Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Алдыңғы Кавказ скифтерінің неғұрлым ертедегі тас мүсіндерінің кейбір ұксастығы бар. Аса ірі ғибадатханалардың аумағына орнатылған антропоморфтық мүсіндер саны- ның көп болуы (30-40 данаға дейін) табыну кешендердің едәуір ұзаққа созылған кезең бойында жұмыс істегенін көрсетеді.

Ғибадатханалардан, сондай-ак зираттардан кұрбан шалатын тостаған тәрізді тастардың, сондай-ақ еске түсіру орындарында жағылған от іздерінің коп молшерде табылуы Арал-Каспий өңірініңдах-массагет тұрғындарының нанымдарымда отқа (күнге) және тегінде, суға да табыну элементтерінің болғаньш көрсетеді.

Арал-Каспий аймағы көшпелілері өнерінің жарқын ерекшелігі монументтіктас мүсінінің таралуы болып табылады. Үстірт пен Маңғыстаудың (мүнда азырак) ғибадатханаларынан табылған жүзден астам тас мүсіндердің басым көпшілігі әктастан калап жасалған және жауынгер ер кісініңтұлғасы белгілі бір қағидамен берілген: он қолы төмен түсірілген, сол қолы шыңтағынан бүгіліп, ішін басқан. Бұл орайда мүсіндердің көлемі әр түрлі — 0,9 метрден 3,8 метрге дейін. Тас мүсіндердің көпшілігі жалпақ мүсіндердің морфологиялық үлгісіне жатқанымен, кейбіреулері ең жетік — кәдімгі мүсін сипаттамаларына толық сай келеді, мұның өзі мүсіншілердің едәуір тәжірибесі мен суреткерлік шеберлігін баса көрсетеді. Аталған ескерткіштердің ерекше құндылығы антропологиялық тұрпатты (монғолоидтік белгілері бар еуропеоид) және бейнеленген кейіпкердін атрибуттарын этнографиялық тұрғынан дәл көрсете білуінде болып табылады. Мәселен, мүсіндердің және басқа да бейнелеу ескерткіштерінің иконографиясына қарағанда, аксүйек дах-массагет жауынгерінің киімі шекпен сияқты сырт киімнен, көбінесе өрнек салған жалпақ белдіктен, шалбар мен жұмсақ былғары етіктен тұрған. Жауынгердің басына кигені — қалың теріден не киізден тігілген бөрік немесе дулыға. Қару жиынтығы тура айқаспалы және ұшы тік немесе қайқы темір семсер, нак сол сияқты қанжар және құндағы бар сигма тәрізді садақ пен қорамсақты жебелерден тұрған. Қорамсақ сол жақ белдігіне, қыны бар семсер алдыңғы жағына ілінген, ал қанжар (кынымен) кішкене таспа баумен жауынгердің оң жақ беліне бекітілген. Мүсіндердің бәрінде дерлік бір не көп орамды ширатылған қалақша — мойынға тағатын алға бейнеленген, ол скифтерде, сақтарда, сарматтар мен басқа халыктарда жоғары әлеуметтік дәреже мен билік белгісі болған; қымбатметалдардан жасалған мұндай алқалар — ертедегі темір дәуіріндегі бай көшпелілер қабірлеріне міндетті түрде салынатын болған. Бейнелерге қарағанда, аксүйек жауынгерлер алқамен бірге орама білезіктер (оң білегіне) салып, құлағына дөңгелек сырға тағып жүрген. Алтыннан соғылған мұндай заттар неғұрлым солтүстік аудандардағы сарматтар мен сақтардың қабірлерінен де кездеседі. Қарастырылып отырған бүкіл кезең бойында Арал-Каспий көшпелілері таяудағы және неғұрлым алыс аймақтардағы тұрғындармен тұрақты және алуан түрлі байланыстар жасап отырған. Мәселен, дах-массагеттердің материалдык мәдениет заттарының кешенін (қару-жарақ, ыдыс және т. б.) Оңтүстік Жайық өңірі мен Солтүстік Каспий өңірі сарматтарынын зат кешенімен бірдей деуге болады, мұның өзі аталған этникалық-мәдени топтардың тектестігі және көшпелілердің негізгі кепшілігінің Үстірт пен Маңғыстауға солтүстіктен келгені туралы тұжырымға толық сәйкес келеді. Антропологиялық және лингвистикалык, деректер Арал-Каспий аралығын мекендеушілерінің Орал еңірінің сарматтарымен ғана емес, сонымен қатар скиф-сармат-сақ тобының жақын туыс тайпалары мен тайпалар бірлестіктерінің тұтас тобымен де генетикалық туыстығын сөзсіз дәлелдейді. Жерлеу-мәдени кешендердің кейбір ерекшеліктері дах-массагеттердің Солтүстік Қазақстанның көшпелі халкымен қарым- қатынасын да көрсетеді.<ref>«Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3</ref>

Дереккөздер

<references/>