Араағайындық

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Араағайындық , бітімгершілік — бейбітшілік орнатуға, өзара жанжалды басуға ықпал ету, бітімге шақыру. А. дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан ұғым. Көршілес екі ру арасында жер дауы, жесір дауы өршіп, қантөгіс қақтығысқа ұласар сәтте үшінші, бейтарап рудың беделді өкілдері басу айтқан: “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса — төбедегі келеді” деген халықтық қағидаға жүгініп, А. жасауды, сол арқылы елдің бүтіндігін, жердің тұтастығын сақтауды парыз санаған. Қазіргі кезде А. нышандары бейбітшілік орнату, мемл-тер арасындағы ынтымақтастықты сақтау жолындағы азаматтық қозғалыстардың іс-әрекеттерінде айқын көрініс тапқан. Жалпы демокр. бағыттағы үрдістермен қатар таза кәсіби сипаттағы қозғалыстар (мыс., “Ғалымдар — бейбітшілік үшін”, “Дәрігерлер — бейбітшілік үшін”, “Генералдар — бейбітшілік үшін” т.б.) бар. А. нышандары азаматтық мойынсұнбау актілері мен жекелеген тұлғалар, әлеум. топтар тарапынан өткізілетін акциялар кезінде де ұшырасуы мүмкін. Теор. тұрғыдан А. пацифистік қозғалыс идеясында идеол. пішім ретінде негізделді. 19 ғ-дың соңында АҚШ-та, Англияда соғыс атаулыны, елдер мен халықтар арасындағы қарулы қақтығыс, жанжалдардың кез келген түрін адамгершілік аңсарға жат, тұрпайы құбылыс санайтын идея ретінде пайда болған бұл қозғалыс ауқымды халықар. демокр. күшке айналып, әлемнің көптеген елінің ішкі, сыртқы саясатына елеулі ықпал етіп отыр. Нақты мемл-тер өкілдері — мемл. қайраткерлері бейбітшілік пен татулық, ізгілік ұйытқысы ретінде А-ты сыртқы саясаттағы қызметінің басты міндеттерінің біріне балайды. Мыс., 1991 ж. 21-23 қыркүйекте ҚР Президенті Н. Назарбаев РФ Президенті Б. Ельцинмен бірге Әзірбайжан, Армения елдеріне барып, Таулы Қарабақ жанжалына А. болды. Соның нәтижесінде 4 жыл бойы соғысып, текке қан төккен екі ел ымыраға келіп, ел басшылары — А. Мүтәлибов пен Л. Тер-Петросян тұңғыш рет Железноводск қаласында (1991 ж. 23 қыркүйек) келіссөз үстеліне отырып, бірлескен мазмұндамаға қолдарын қойды.

Тағы қараңыз

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}