Алтай ескерткіштері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Алтай Ескерткіштері -ежелгі дәуір ескерткіштері. 18 ғасырдың басынан зерттеле бастады. 1713 жылы ежелгі зираттардан ұрланған асыл бұйымдар Ресей патшасы Петр І-ге жетіп, "Петр І-дің Сібір коллекциясы" аталған археологиялық жинақ жасалынды. Сол бұйымдар қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. 18 ғасырдың 30 - 40 жылдарынан бастап Алтай жеріне географиялық экспедициялар жіберіле бастады. Оларға саяхатшы-ғалымдар Г.Ф. Миллер, П.С. Паллас жетекшілік (1733, 1744 және 1770) етті. 1865 жылы түркітанушы-ғалым В.В. Радлов Бұқтырма өзенінің бойында Берел жазығында ерте темір дәуіріне жататын "Берел" обасын қазып, зерттеді. 1911 жылы А.В. Андрианов батыс Алтайда Черновая, Солнечные Белки, Майемір деген жерлерде көшпелілер обаларын ашты. 1927 жылы С.И. Руденко Қатонқарағайда, 1956 - 65 жылы С.С. Сорокин Берел, Күрті, Қатын, Құмай маңында, 1997 жылдан Шығыс Қазақстан археологиялық экспедиция (жетекші З.Самашев) алғашқы темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеді. Алтай есткерткіштеріндегі мүрделердің жерлену дәстүріне, табылған бұйымдарының ерекшеліктеріне қарай хронологиялық жағынан төрт кезеңге бөлуге болады: Күрті (б.з.б. 8-7 ғ.), Майемір (б.з.б. 7-6 ғ.), Пазырық (б.з.б. 5 - 3 ғ), және Құлажорға (б.з.б. 3 ғ. - б.з. 1 ғ.) кезеңдері. Күрті (Бұқтырманың жоғарғы саласы) бойындағы обаларда мәйіт сол жақ қырына, аяқ-қолын бауырына бүктеп жатқызылған. Басы солтүстік-батысқа қаратылған. Мәйіттің аяқ жағынан жылқы қаңқалары табылды. Майемір (Нарын өзенінің жоғарғы жағы) обаларында өлік шалқасынан, аяқ-қолы созылып жерленген. Лақат қабырғалары ағашпен шегенделіп, төбесі бөренелермен жабылған. Зират тас үйіндімен қоршалған. 1997 жылы Майемір ауылының тұсынан 45 - 50 жасында қайтыс болған әйел қаңқасы, жанында қорамсаға салынған қола жебе ұштары, т.б. заттар табылды. Радиокарбондық анықтау бойынша бұл әйел б.з.б. 803 жылы қайтыс болғаны дәлелденді. Оның бет әлпетінде еуропа және моңғол нәсілдерінің аралас белгілері бар. Пазырық (немесе Берел) кезеңіндегі зираттардан табылған бұйымдар бұл дәуірде қола мен мысты темір ығыстырғанын, зергерлік өнердің біршама дами түскенін көрсетеді. Құлажорға (Шығыс Қазақстан) кезеңі Пазырық үлгілерінің жаңа сатысындағы жалғасы болып табылады. Обалардан адам сүйегімен бірге аңдар нақышымен өрнектелген ежелгі петроглифтер көптеп табылды. Солардың ішінде бұғының, бүркіттің, таутекенің бейнелері тартымды берілген. Алтай есткерткіштері бұл өңірде мәдениеті, шаруашылығы, діни нанымдары ортақ этностар жайлағанын, Алтайдағы сақ мәдениетінің алғашқы қалыптасу орталығы болғанын көрсетеді. <ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}