Азия дауысы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Азия дауысы — Азияның музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың жыл сайын Алматыда өтетін халықаралық байқауы.

Жеңімпаздары

1990 жылы Медеу мұз айдынының кешенінде өтті. Бас жүлдені Өзбекстаннан келген “Карс” тобы жеңіп алды.

Содан бері Женева Круз (Филиппин, 1991жылы), Шахназ Сүймер (Түркия, 1992жылы), Сара (Моңғолия, 1993 жылы), Соябей (Түркия, 1994жылы), Барт Бисли (АҚШ, 1995 жылы), Бауыржан Исаев (Қазақстан, 1996 жылы), “АВ-3” (Индонезиялық топ, 1997 жылы) сияқты өнерпаздар мен өнер ұжымдары бас жүлдені иеленді. 1993 жылы “Азия даусы” ФИДОФ-тың (Халықаралық фестивальдар ұйымдастыру федерациясы) мүшелігіне қабылданды. 1994 жылы Канн (Франция) қаласында өткен әлемдік шоу-бизнесте арнаулы жүлдеге ие болды.

1996 жылдан бастап “ Азия даусы” байқауы аясында Қазақстан әндерінің байқауы тұрақты өтеді. Оған арналған “Алтын домбыра” жүлдесін алғашқы жылы М.Жүнісова мен Н.Есқалиева, 1997 жылы Р.Рымбаева мен М.Жүнісова жеңіп алды.

1997 жылы “ Азия даусы ” халықаралық “Интернет-сервер” ақпарат арнасына қосылды. “ Азия даусы” конкурсының бас жүлде, алтын, күміс және қола бәйгесіне қоса Алматы қаласының мэрі, демеушілер тағайындаған әртүрлі ынталандыру сыйлықтары бар. Бірінші конкурстан бастап “ Азия даусының” шақыруымен Патрисия Каас,Пупо, Тото Кутуньо, Джимми Саммервиль, Митхун Чакраборти, Сонер Ариджа, А.Пугачева, Ф.Киркоров, В.Леонтьев, “Бони-М”, “Хаддуэй” топтары сияқты әлемдік эстрада майталмандары Медеу мұз айдыны сахнасында конкурстан тыс өнер көрсетті.

1996 жылы “Азия даусына” бес құрлықтың өкілі қатысты.

1997 жылғы конкурстың ашылу салтанатында Еуроазиялық фестивальдар ассоциациясының ұйғарымымен ғарыштағы бір жарық жұлдызға “ Азия даусы ” аты берілгені жайлы Швейцариядан жіберілген регистр конкурс директорына тапсырылды.

1998 жылғы тоғызыншы конкурсқа әлемнің төрт бұрышынан өтініш білдіргендерден таңдап алынған 20 елдің 21 өнерпазы қатысты. Бас жүлдені Италиядан келген Лука Сене жеңіп алды.

1998 жылғы конкурс қорытындысында ФИДОФ-тың халықаралық өнер фестивальдерін кәсіби жоғары дәрежеде насихаттағаны үшін журналистерге жыл сайын берілетін арнайы белгісі “ Азия даусының” баспасөз хатшысы Ф.Бегенбаеваға тапсырылды.<ref>Қазақ энциклопедиясы, I том</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/>