Алматы қорықшасы
Алматы қорықшасы – сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан жануарларды қорғау мақсатында Алматы облысының Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандары аумағында 1978 ж. құрылған мемлекеттік қорықша. Теңіз деңгейінен 1000 – 3400 м биіктікте орналасқан. Аумағы 724 мың га. Қорықшада өсімдіктің 590-нан астам түрі (мүк, қына, саңырауқұлақ, жабайы алма, өрік, долана, сарыағаш, ұшқат, т.б.); аң мен құстың 180 түрі (марал, арқар, таутеке, елік, барыс, жабайы шошқа,аю, сілеусін, ұлар, кекілік, бұлдырық, жетісу қырғауылы, т.б.) мекендейді. Алматы қорықшасында тіршілік ететін Тянь-Шань қоңыр аюы, шұбар күзен, Орта Азия тас сусары, Түркістан сілеусіні, арқар, барыс, орақтұмсық, сақалтай, жұртшы, бүркіт, көкқұс Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Сондай-ақ онда тоғай бұғысы, бұлғын, қоян, сарышымшық пен ақ тиін жерсіндірілген.
Дереккөздер
Қазақ ұлттық энциклопедиясы