Маңғыстау мәдениеті

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

2-дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде Маңғыстау өлкесіндегі 32 ауылда қызыл мүйіс жұмыс істеді. Алғашқы кезде Маңғыстау ауданының мәдениет бөлімінде М.Ниязов, Т.Меңдібаев, С.Ыбраев, С.Алдабергенов, одан кейінгі кезеңде (1972 жылдан кейін) С.Еділханов, Ш.Ерғазиев, К.Үйсінбаев, А.Арашев, т.б. мәдениет саласына басшылық жасап, еңбек етті. 1946 жылдан қызыл мүйіс атауы клубқа өзгертіліп, содан бері мәдениет үйлері мен клубтар тұрғын халыққа мәдени қызмет көрсете бастады. 1950 жылдан клуб жанынан ұлт-аспаптар оркестрі мен үйірмелер, ал 1954 жылдан бастап драма үйірмелері қолға алынды. Бұл салаларда С.Ордабаев, М.Жолдасбаев, Ө.Алшынбаев, О.Құлсариев, К.Махмұтов, Ғ.Әбілтаев, Қ.Әмірханов, Меңдібаев, т.б. өз үлестерін қосты. Маңғыстау ауданы 1928 ж. ірге көтерген. Ауданның алғашқы орталығы Форт-Александровск, кейін Таушық а., ал 1965 ж. Шетпе кенті болды. Осы ауданнан 1973 ж. Бейнеу мен Қарақия аудандары, 1992 ж. Түпқараған ауданы бөлініп шықты. Бөлініп шыққан аудан, қалаларда клуб үйлері мен мәдениет үйлері құрылды. 1963 ж. Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің драма үйірмесі М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы бойынша спектакль дайындап, 1965 ж. «халық театры» атағына ие болды. Маңғыстау аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының алғашқы режиссер Қ.Сатқанов пен Әмірханов және Н.Мұхамеджанов болған. 1958 ж. Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне маңғыстаулық О.Құлсариев, Б.Рзаханов, А.Қомытов, т.б. ұлт-аспаптар оркестрі құрамында қатысқан. Ақтау қаласында 1963 ж. «Достық» кинозалы пайдалануға берілсе, Форт-Шевченко қаласында қалалық мәдениет үйі, кейін Ақтау қаласында мәдениет сарайы ашылып, оған Абай есімі берілді. Құрық және Жетібай кенттерінде «Геолог» клубтары жұмыс істеді; Ескіөзенде клуб ашылып, 1965 ж. Жаңаөзен қаласында алғаш рет қалалық мәдениет үйі ірге көтерді. Жер-жерде көркемөнерпаздар үйірмелері өркен жайып, олар ұжымдық топтарға айналды. Уақыт өте келе ауданда «Жастар» вокалдық-аспаптар ансамблі құрылып, өзге жерлердегі мәдениет мекемелеріне көшбасшылық рөлін атқарды. Жер-жерде көркемөнерпаздар ұжымдары ұйымдастырылып, олар «халықтық» деген атақ алу үшін зор шабытпен жұмыс істеді. Қазіргі кезеңде облыс көлемінде 19 «халықтық» атағына ие болған өнерпаздар ұжымы бар. Кезінде олардың ішінен «Маңғыстау маржандары» (Қарақия ауданы), «Ақ желкен» (Түпқараған ауданы), «Кең жайлау» (Маңғыстау ауданы) мәдени-үгіт бригадалары, «Алтыбақан» ойын-сауық отауы (Бейнеу ауданы) алыс-жақын шет елдерде өнер көрсеткен; Жаңаөзеннен «Гүлдәурен», Абай кентінен «Альтаир», «Фламинго» би ансамбльдері, жеке әншілер халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Облыс мәдениетін көтеруде көптеген өнерпаздар (аға буын өкілдері: О.Құлсариев, С.Шакрат, Н.Құрықбаев, Қ.Тасболатов, Ә.Жұмағалиев, Н.Мұханов; одан кейінгі буын өкілдері: Р.Айдарбаева, Р.Батыршева, Б.Қондыбай, А.Сүндетов, Қ.Сақтаған, А.Көмеков, М.Аяпов, Ж.Кеңесов, С.Нұрғожаев, т.б.) көп еңбек еткен. 1960 ж. Ақтау қаласындағы Абай демалыс кешенінде «Республика» атты әншілер ансамблі (алғашқы ұйымдастырушысы Л.Н. Санамян, кейін бұл ұжымға В.А. Миронов жетекшілік еткен) құрылды; 1974 ж. оған «халық хоры» атағы берілді. 1975 ж. Маңғыстау облыстық филармониясы құрылды; ал 1980 жылдан облыстық қуыршақ театры жұмыс істеп, жас жеткіншектерге арнап әр алуан қойылымдарымен мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бейнеу кентінде кітапханашы болып істеген С.Ырзаева жасаған киіз үй 1981 ж. Жапонияның Токио және Осако қаласында өткен қолданбалы өнер көрмелерінде тігіліп, кезінде жоғары бағаға ие болған; ал Үштаған ауылында тұратын ісмер, қолөнер шебері А.Тәкенов жасаған киіз үй Алматыда Ұлттық мұражайда, Б.Бозжігітовтың киіз үйі Президент резиденциясында, ал А.Әбиеваның киіз үйі Астана қаласындағы Президенттік Ұлттық мәдени орталығында тігулі. 1996 – 2000 ж. облыс аумағында айта қаларлықтай клуб мекемелері қысқартылмаса да, осы мезгіл мәдениет ошақтарына өз салқынын тигізбей қалған жоқ. 2000 ж. облыс көлемінде 27 мәдениет үйлері мен клубтар халыққа мәдени қызмет көрсетті. 2002 ж. облыс бойынша 33 мәдени ошақтар жұмыс жасады. 2003 ж. осы мәдениет мекемелерінде 126 үйірме болса, 2004 ж. оның саны 166-ға жетті. 2005 ж. бұл көрсеткіш 201-ге жетіп, 3107 көркемөнерпаздар мүшелерін қамтыды. Облыс экономикасы мен шаруашылығының және әлеуметтік өмір-тұрмысының өсуіне байланысты мәдени саланы да жақсартып көтеру мақсатында ҚР Президенті мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын енгізді.<ref>«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (10 томдық), Алматы, 1998 – 2007. </ref> Осыған орай жергілікті авторлар С.Қондыбай, Ә.Спан, О.Көшбай, М.Ақмырзаев, Ж.Дүйсенбаева, Қ.Шыртанов, т.б. еңбектерімен қатар «Қырымның қырық батыры» жыры жарық көрді. 2003 ж. Маңғыстау облыстық музыкалы драма театры ашылды. Театр репертуарынан ұлттық және аударма драматургиялық шығармалар кеңінен орын алды. 2006 жылдан бастап облыс әкімі жас таланттардың жоғары білім алулары үшін арнайы тапсырыс грантын бөлді. Облыста «Маңғыстау жұлдыздары» өнер күндері, халықаралық «Каспий – достық теңізі» атты фестиваль жылма-жыл, сонымен қатар аудан, қала көлеміндегі өнер байқауларын өткізу де жақсы дәстүрге айналды. Республикалық, халықаралық өнер жарыстарына қатысу үшін үздік өнерпаздарды үнемі іріктеу байқауларын өткізу, өлкеде өмір сүрген өнер иелеріне, ақын, жыршы-күйшілерге арналған атаулы өнер жарыстарын өткізіп отыру да жолға қойылған. 2004 ж. Алматы қаласында облыстық филармонияның Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің қатысуымен «Маңғыстау мақамдары» атты концерттік бағдарлама, ал 2006 ж. Астана қаласында «Сәлем, саған Астана!» деген атпен Маңғыстау облысының мәдениет күндері өтті. Облыстық мәдениет басқармасына қарасты ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталық облыс, аудан аумағындағы клуб мекемелеріне басшылық жасау, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 1973 жылдан бастап жұмыс жасауды жалғастырып келеді. Осы уақыт ішінде 1973 ж. 66 клуб пен мәдениет үйі, 138 көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істеді; 43 автоклуб малшы-механизаторларға кино, лекция, концерт өткізу ісімен айналысқан. Кеңес өкіметі кезінде сападан санға көбірек назар аударғаны белгілі. Қазіргі кезде қала, аудан аумағында 34 қалалық, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар қызмет жасайды. Мәдениет үйлері мен клубтарда 198 құрылым жұмыс істеп, оның 2923 мүшесі өткізілетін әр түрлі мәдени шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Маңғыстау облысында ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткерлері Г.Б. Мерғалиева, Р.Батыршева, С.Назарбеков (әрі «Құрмет» орденінің иегері) ; ҚР-ның еңбек сіңірген артисі Р.Айдарбаева (әрі «Құрмет» орденінің иегері), Ғ.Садықова; Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкерлері К.Тасболатов, С.Ы. Шакрат, Ы.Ізімов; ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері Қ.Аманиязов, Д.Әріпов, Г.Бубнов, О.Құлсариев, Н.Мұхамеджанов, Н.Мұханов, Ж.Оспанов, Е.Өмірбаев; ҚР Мәдениет және ақпарат мин-нің мәдениет қайраткерлері Б.Әзірханов, Б.Дәріғұлов, С.Еңсегенов, М.Жолдыбаев, Ә.Жұмағалиев, Кеңесов, О.Д. Колодий, Қ.Көбегенов, А.Құдабаева, Р.Б. Мадреев, С.Нұрғожаев, Ф.Қ. Таимова, А.Үмбетова, М.Б. Чоманова, Ғ.Шантимирова, М.Шырақбай; «Құрмет» орденінің иегері Н.Насырова; «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Т.Жұмалиева, О.Көшбайұлы, М.Нұрқабаев мәдени өмірдің әр саласында жемісті еңбек етті.<ref>Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997; </ref>