Көпен Ерқасов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Тұлға


Ерқасов Көпен Ерқасұлы, 1952 жылғы 4-қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл (қазіргі Күршім) ауданының Тесік Ұя ауылында қатардағы шаруаның отбасында дүниеге келді. Осы өңірдің Ақбұлақ ауылында өсіп-өнді. Алты жасында, 1958 жылы Горный селолық кеңесіне қарасты Жалаңаш бастауыш мектебінің бірінші класына барып, 1968 жылы Горный (қазіргі Ақбұлақ) орта мектебін 16 жасында бітіріп шықты. Ән салуға қабілеті болғандықтан 1968 жылғы 1-қыркүйектен 1969 жылғы 19-тамызға дейін Горный селолық Кеңесіне қарасты Майтерек селолық клубының меңгерушісі болып істейді. 1969 жылы күзде Өскемен ауылшаруашылық техникумының зоотехния бөліміне оқуға түсіп, онда 1970 жылғы көктемге дейін оқыды. Әскери міндетін Совет әскерлерінің сол кездегі Германиядағы Тобына кіретін әскери бөлімінде 1970 жылғы 1-маусымнан 1972 жылғы 20 мамырға дейін атқарды.

Әскерден қайтып келген соң Өскемен ауылшаруашылық техникумынан құжаттарын алып, Алматыдағы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл Фараби атындағы Ұлттық университет) журналистика факультетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, келесі жылы бірінші курстың студенті болып қабылданды. Университетте үздік оқығандықтан топ комсоргі, факультет кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Үшінші курсты бітіргеннен кейін үйленіп, сырттай оқуға ауысқан соң, Марқакөл аудандық «Маяк»-»Шамшырақ» газетіне жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп, университеттегі оқуын журналист мамандығы бойынша 1979 жылы бітіріп, диплом алды.

Аудандық газетте хаттар мен бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. «Шамшырақта» 1976 жылдан бастап 1997 жылға дейін табан аудармай 21 жыл бойы жұмыс істеді. Сол кезде әр жылдары Марқакөл аудандық газетінің редакциясы мен баспахана кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің мүшесі, аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы бола жүріп, аудан көлемінде бұрын орысшаланып кеткен немесе атауы таза орысша қойылған Алексеевка, Горный, Черняевка, Бобровка, Успенка, Орловка, Сорвенка, Николаевка, Архиповка, Рождественка секілді ауыл-село аттарының қазақшалануына көп күш салып, «ұлтшыл» деген атақ алды. Дегенмен бұл реттегі еңбегі текке кеткен жоқ. Қазір ол ауылдардың Теректі, Ақбұлақ, Қалжыр, Төсқайың, Ақжайлау, Шанағаты, Бұғымүйіз, Мойылды, Қайнарлы, Жиделі деп аталуына ақынның көп маңдай тері сіңген. Марқакөл ауданы таратылып, газет жабылғаннан кейін бір жыл ауылда жай шаруамен айналысты. 1998 жылы Өскемен қаласына көшіп келіп, «НТК-Восток» телеарнасында диктор-журналист, қазақ бағдарламаларының редакторы, қазақ бағдарламаларының директоры қызметтерін атқарды.

2001 жылы бұл телеарна жабылғаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар басқармасына (қазіргі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне) мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бас маман аудармашы болып істейді.

Өлеңдері Марқакөл аудандық «Шамшырақ», облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Лениншіл жас» (Жас Алаш), «Тіл мен діл» «Ертіс өңірі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Ақ Ертіс», «Шолпан» журналдарында жарияланған.

Алғашқы өлеңі 1984 жылы Алматыдан шыққан жас ақындардың «Қарлығаш» ұжымдық жинағында, 1988 жылы төрт автордың өлеңдерін біріктіріп Алматыда жарық көрген «Төрткүл дүние» жыр жинағында жарияланды. Енді кітабы шығарайын деген кезде өкімет ауысты. Сөйтіп қаржы жоқтығын айтып «Жалын» баспасы 1992 жылы қолжазбасын қайтарып береді. «Марқакөл маржандары» деп аталатын сол кітапты өз қаражатына 2003 жылы ғана шығарды. 2004 жылы Өскеменде «Ағажай Алтай» атты жеке жыр кітабы жарық көрді.

2005 жылы өлеңдері Шығыс Қазақстан облысы ақын-жазушыларының «Алтай әуендері» атты хрестоматиясында жарияланды. 2006 жылы «Жүректегі жазулар» деген жыр кітабы Шымкентте жарық көрді. Оны жариялауға Өскемендегі «Нимекс-Текстиль» ЖШС директоры Бақыт Әсембекұлы Қаныбеков демеушілік жасады. Облыс ақындарының Т. Нұқай атындағы жыр мүшәйрасында 2006 жылы бірінші орынды жеңіп алды.

2007 жылы облыстық мәдениет басқармасы жариялаған «Әдеби үрдісті қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін» конкурсының поэзия номинациясы бойынша сыйлығын алды. Сол қаражаттың үстіне өз ақшасын қосып, жазылып, дайын тұрған «Ақиқат» атты жыр жинағымды 300 данамен шығарып, оқырмандарға таратты, кітапханаларға өткізді.

2008 жылы облыс ақын-жазушыларының «Алтын тамыр» атты 8 томдық жинағының алғашқы томдарының бірінде төрт ақынның бірі болып жарияланды. 2009 жылы «Бәйтерек» атты жыр жинағымды өз қаражатына шығарды. 2011 жылы “Ақбұлақ” атты таңдамалы өлеңдер жинағым облыс әкімі Б. Сапарбаевтың араласуынан кейін облыстық мәдениет басқармасының демеушілік етуімен жарияланды. Мерзімді баспасөзде жарияланып, жақсы бағаланған “Ақнайман қырылған” атты поэмамды кезекті жыр жинағыма кіргізіп, оны да биыл өз қаражатына шығарды. Шымкенттің жігіттері демеуші болып жатқан ақиық ақынға Алтайдың бай-манаптарының да бір қарасатын кезі жеткен сияқты...

2007 жылы Қазақстан жазушыларының Алматы қаласында өткен кезекті ХШ құрылтайының делегаты болып сайланды. Мәскеулік жазушы Владимир Губаревтің «Сталиннің саяжайы» атты спектаклін, Александр Пушкиннің, Сергей Есениннің, Ярослав Смеляковтың бірер өлеңін орыс тілінен қазақшаға тәржімеледі. «ШҚО бизнес-кітабының» аудармашысы.

Жазушы Серік Байхоновтың «Мейірбан шөптер» деген әңгімесін қазақ тілінен орыс тіліне аударды. Аздап домбыра шертіп, ән саламын. Өзімнің «Туған жер» атты әнім, Мұқағалидың сөзіне шығарған «Сынық қанат шағалам», «Сағындым-ау» атты әндерім бар. Бірақ олар әлі күнге дейін нотаға түспеген, музыкамен безендірілмеген. Сондай-ақ ақын өлеңдеріне сазгерлер Төлеухан Әбедимов «Дәрігер», Маржан Маниярова «Марқакөлді аңсау», Бағдат Есдәулетова «Қытай қазақтарының әні», Уатхан Жүнісов «Ағайын» деген әндер жазды.

Аудандық газетте істеп жүрген кезде КСРО Журналистер Одағының мүшесі болдым. 2005 бері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесімін. Соған орай “Қазақстан жазушылар одағының мүшелері” атты энциклопедиялық бір томдық анықтамалықта, биыл жарық көрген “Шығыс жұлдыздары” атты екі томдық анықтамалықта өзге әріптестеріммен қатар суретім мен қысқаша өмірбаяным жарияланды. Аты-жөнім Қазақстан жазушылар одағының мүшелері телефон анықтамалығына кірген.

Мүсілім Құмарбековтың «Жар жағасындағы үй», Дүйсенбі Смайылұлының «Өзегі өршіл өлеңім», Төлеухан Қоғабаевтың «Жақсыдан – шапағат», облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы Г.Етекбаева құрастырған «Ақниет әжелер ғибраты», облыстық әкімшілік пен облыстық мәдениет басқармасы шығарған «Шығыс Қазақстан облысының сәулет ескерткіштерінің Тізбесі» кітаптарының редакторы болдым, соңғысына аудармашы ретінде де көп еңбек сіңірді.

Шығармалары:

  • Ерқасов К Ақиқат [Мәтін] : өлеңдер мен толғаулар / Ерқасов К. - Өскемен : [Рудный Алтай газеті редакциясының баспаханасы], 2008. - 306 б.
  • Ерқасов К Марқакөл маржандары [Мәтін] / Ерқасов К. - Алматы : Қазақпарат, 2003. - 180 б.
  • Ерқасов, Көпен. Бәйтерек [Мәтін] / К. Ерқасов. - Өскемен : Шығыс Ақпарат, 2009. - 317 б.
  • Ерқасов К. Егемен болдық,ел болдық [Мәтін] : [Қазақстан егемендігі туралы өлең ] / Ерқасов К. // Дидар. - 2000. - 4сәуір
  • Ерқасов К. Марқакөл [Мәтін] : [Марқакөл туралы өлең ] / Ерқасов К. // Дидар. - 2000. - 4сәуір
  • Ерқасов, Көпен. Ақнайман қырылған [Мәтін] : [Нәубет жылдары Қытай асуға бел буған ақнайман көші қызылдардың жаңбырша жауған пулемет оғынан түгелдей жер құшқан. ] *К. Ерқасов // Дидар. - 2011. - 7 шілде.- Б.5.; 9 шілде.- Б.7.

К. Ерқасов туралы:

Қаңтарбаев Ә Көпенде күрсініс көп [Мәтін] / Қаңтарбаев Ә // Дидар. - 2005. - 15 қаңтар.- Б.6

Шығыс Қазақстан қаламгерлерінің кітапханасы = Библиотека литературы Восточного Казахстана [Мәтін]. [2-ші кітап] : С. Ғабдуллаұлы. Х. Балшабеков. Ғ. Байбатыров. К. Ерқасов. - Алматы : ҚазАқпарат, 2008. - 326 б.

Дереккөздер

<references/>

1. Шығыс Қазақстан облысы мәдениеті кітабы, АТАМҰРА