Әбдісалан Кәрімұлы Нұрмаханов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Нұрмаханов Әбдісалан Кәрімұлы(19.4.1936, Өзбекстан, Сухандария облысы Шыршық ауданы Күлтафа ауылы – 14.7. 2002, Алматы) – боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963). Нұрмахановтың құрметіне Түркістанда дәстүрлі бокс бәсекесінің ұйымдастырылуы да заңды. Себебі ол кісінің ұлтына сіңірген еңбегі көп. Әбекең боксшы ретінде ғана туған халқының намысын көтеріп қойған жоқ, ғалым ретінде де осы саланың дамуына үлес қосты. Ал бапкерлік қызметте Нұрмахановтың спорттағы екінші дәурені басталды десек, артық айтқандық емес. Әбекең бірнеше жыл Қазақ физкультура институтында кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет істеді. Тағдырдың жазуымен екеуміз бірнеше жыл қызметтес болдық. Мен ҚазМУ-дың спорттық лагерінде басшы болғанда ол кісі менің қасымда болды. Бірге еңбек еттік. Талай мәрте дәмдес болдық. Нұрмаханов университетте ұстаз болғанда да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Әбекеңнің кейін Олимпиада чемпионы болған Ермахан Ыбрайымовтың қабілет-қарымын ерте аңдап, бауырына тартып, өз баласындай үйіне тұрғызғаны да – біле білген жанға тәлімі мол жағдай.

Жастық шағы

Әбдісалан Нұрмахановтың ата-бабалары Арқаны мекен еткен, дәулетті, иманды, елге сыйлы адамдар болыпты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ақ пен қызылдың соғысы, одан кәмпеске қазақты әбден титықтатты емес пе. Сол тұста Нұрмахан әулеті Бетпақты басып, Қызылдың құмын сағалай Өзбекстанға ауады. Қиын-қыстау кезеңде Нұрмаханның шаңырағы көп қиындық көреді. Жолда балалары шетінеп, қайғыдан қан жұтады. Содан Нұрмахан көші Сухандария өңіріндегі Күлтөбе ауылына тұрақтайды. Сол жерде 1936 жылы Әбдісалан дүниеге келеді. Қатал тағдыр Әбдісаланды ерте есейтті. Алты жасынан әкесіне еріп, қой бақты. Жұдырықтай бала көктем мен күздің қара суығында мал бағып жүріп, қазақы қойдың ерітілген майынан бір кесесін ішіп алады екен. Тері шалбар, жарғақ тон киген қара бала суыққа алдырмайды, әкесінің қолғанаты. Сол кездің балалары осылай есейді. Осылай шыңдалды. Олардың балалық шағы иен далада, желдің өтінде, малдың соңында өтті. Қызығы кем, бейнеті мол заман еді.

Боксшының қалыптасуы

Әбдісалан он жасқа толғанда олардың үй іші Түркістанға көшті. Мектепке қатарластарынан кеш барған Әбдісалан сегізжылдықты бітірген бойда Алматыға барып, темір жол техникумына оқуға түседі. Қарулы, бойшаң бозбала баскетбол мен ядро лақтыруда бағын сынап көреді. Ядро лақтырудан Алматыдағы оқу орындары арасында топ жарып, мамандар назарына ілігеді. Бірақ көңіл соқпаған соң тұрақтамай, әйгілі волейбол бапкері Октябрь Жарылғаповтың шақыруымен волейболға ауысады. Волейболға да көңіл хошы болмайды. Осыны сезген Жарылғапов үш айдан кейін Нұрмахановты қолынан жетектеп, боксшыларға қосып жібереді. Түркістанда Молдабек Құралбаев деген жас бапкерден он бес жасында бокс әліппесін үйренген Әбдісаланға керегі осы еді. Нұрмахановтың шаршы алаңдағы жеңісті жолы осылай басталды. Бойы қарағайдай, қара торы жігіт аз уақытта Қазақстанда топ жарып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республика намысын қорғады. Осы сында жиырма жастағы Әбдісалан Нұрмаханов литвалық боксшы, Еуропаның екі, КСРО-ның алты мәрте чемпионы Альгидрис Шоцикастан «ұтылды». Шоцикастың дүркіреп тұрған кезі. Альгидрис Мельбурн олимпиадасының жүлдегері, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, орыстың «жанды танк» атанған алыбы Николай Королевтің өзін жеңіп, әлемдегі ең күшті боксшының бірі болып тұрған. Көпшілік ойлағандай, Шоцикас Нұрмахановты айқын басымдылықпен ұта алған жоқ. Бокс қолғабын дұрыстап кигеніне екі жыл болған Әбдісалан атақты қарсыласымен аянбай, шегінбей айқасты. Төрешілер жақ-жақ болып, жеңісті кімге берерін білмей тартысты. Ақырында 3:2 есебімен Шоцикастың қолын көтерді. Келесі, 1957 жылы Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалынан бір-ақ шықты. Финалдағы қарсыласы – Одақ пен Еуропаның әлденеше дүркін чемпионы Андрей Абрамов. Салмағы 100 келіден асады. Әбдісалан оның қасында жіңішкелеу. Абрамовтан 20 келідей жеңіл. Есесіне Әбдісалан бойшаң, қолы ұзын. Қимылы ширақ. Бұл жолы тәжірибелі Абрамовтың жолы болды. Жиырма бір жастағы Нұрмаханов қазақ спортшыларынан бірінші болып КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Мұндай биікке нағыз дарындар ғана жете алады. Бокспен шындап шұғылданғанына үш-ақ жыл толғанда КСРО-дай алып империяның күміс жүлдегері атану Нұрмахановтай саңлақтың ғана қолынан келді. Арада бес жыл өткенде Киевте Нұрмаханов пен Абрамовтың жолы тағы да түйісті. КСРО чемпионатының ақтық айқасы. Әбдісалан осы жекпе-жекте нағыз батырға тән мінез көрсетті. Үш раунд бойы Абрамовқа ес жиғызған жоқ. Қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе де, төрешілер әділдікті белден басып, жеңісті Андрейге алып береді. Рефери Абрамовтың қолын көтерген сәтте Нұрмахановтың бапкері Дәулеткерей Муллаев қиянатқа шыдай алмай, мыңдаған адамның көз алдында жылап жібереді. Ол кезде қазақ секілді кішкентай ұлттың батырлары әділетсіздікті көп көрді. Бірақ біздің бауырлар жасыған жоқ. Ел мүддесі, ұлт намысы үшін бастарын бәйгеге тікті. Одақтың алтын жүлдесі бұйырмаса да, алтыннан да салмақты, алтыннан да қадірлі сый – қалың қазақтың сый-құрметіне бөленді. Сондай даңқты батырларымыздың бірі әрі бірегейі Әбдісалан Нұрмаханов болатын.

Бапкер болып қалыптасуы

Нұрмахановтың бапкерлік білігі бір күнде қалыптасқан жоқ. XX ғасырдың алпысыншы жылдарында басталған ізденісі мол, бейнетті жол 1997 жылға дейін жалғасты. Шәкірті Болат Сағындықов КСРО-ның жастар арасындағы чемпионы болғаннан кейін Әбекеңнен тәлім алған Борис Хрянин КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, жастар арасында Одақ чемпионы атанды. Бұлардан басқа Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Марат Бекежанов, Владимир Чипурин секілді шәкірттері Кеңес одағының ересектер және жастар біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. КСРО-ның студенттер чемпионатында Болат Нұрпейісов олжа салды. Нұрмаханов жаттықтырған Қазақ мемлекеттік университетінің боксшылар командасы 1982 жылы Красноярск қаласында болған КСРО университеттері арасындағы жарыста бас бәйгіні жеңіп алса, одақтық студенттер ойындарында екі рет үшінші жүлдеге иелік етті. Жүздеген жас Нұрмахановтан тәлім алды. Кезінде даңқты боксшыдан, майталман маманнан бокстың қыр-сырын үйренген жігіттер қазір елдің әр қиырында еңбек етіп жүр. Солардың қай-қайсысы да Әбекеңді ілтипатпен еске алатыны даусыз. Себебі Нұрмаханов – қазақ спортының тарихында із қалдырған айтулы тұлға.

Ұлттық құрама бас бапкері

Әбдісалан Нұрмаханов қазақ құрамасының тізгінін 1993 жылы ұстады. Табиғатынан табанды, намысқой азамат ең әуелі құрамадағы тәртіпке баса назар аударды. Ол кісі шәкірттеріне тек спортшы деп қана қарамай, боксшылардың ішкі жандүниесіне үңіле білді. Нұрмахановтың бас бапкер болуымен қазақ құрамасы бұрынғыдан да күшейе түсті. 1993 жылы Иранның астанасы Теһранда өткен Азия чемпионатында қазақ құрамасы командалық есепте жеке-дара шықты. Осы жылы Таиландта болған әлем кубогы жарысында Азия, Еуропа, Америка құрлықтарының ең күшті құрамалары күш сынасты. Осы бәсекеде Әбдісалан баптаған қазақ боксшылары командалық үшінші орынға табан тіреді. Сол тұста экономикасы әлсіз, тарихтың өтпелі сатысында тұрған елдің еңсесін көтеруде Нұрмаханов баптаған жігіттердің еңбегі зор. Етек-жеңін енді-енді жинай бастаған ел боксшылардың дүркін-дүркін жеңістерімен рухтанып, болашаққа сеніммен қарады. 1995 жылы біздің жігіттер Ташкенттің төрінде Азия чемпионатының алты алтын жүлдесін жеңіп алды. Сыралғы қарсыластарымыз – өзбек ағайындар мен Азияның небір мықты спортшылары қазақ боксшыларының жұдырығына төтеп бере алмай, бармақ шайнады. Атланта олимпиадасының қарсаңындағы бұл жеңіс Нұрмахановтың бас бапкер ретіндегі бағытының дұрыс әрі құрама тізгіні сенімді қолда екенін көрсетіп берді.

Бекет Махмұтов пен Әбдісалан Кәрімұлы

1995 жылғы әлем чемпионатында Болат Жұмаділов күміс, Василий Жиров қола жүлдеге ие болды. Бұл жүлделер іргетасы әуелден берік қаланған қазақ боксының тәуелсіздік тұсындағы үлкен жеңістерінің басы еді. Осы кезде Қазақстан бокс федерациясының тізгінін іскер басшы, білікті кәсіпкер Бекет Махмұтов ұстады. Махмұтов пен Нұрмаханов тізе қосқан сәттен бастап қазақ боксы аршындап алға басты. Нұрмаханов білім-білігі мен маңдай терін аямай жұмсаса, Махмұтов жанашырлық көңілімен қатар қаржылай көмектесті. Бекет Махмұтовтың АИБА-ның бірінші вице-президенті болып сайлануы қазақ боксына қанат бітірді. Осындай кесек турап, кеңінен толғайтын ағаларына арқа сүйеген боксшылар да барын салды. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Әбдісаланның шәкірттері бір алтын, бір күміс, екі қола медальді жеңіп алып, жалпы командалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ боксы бұрын-соңды мұндай биікке жетіп көрмеген еді. Бес құрлықтың мықты деген мамандары қазақ жігіттерінің бұл табысына қайран қалды. Әлем жұртшылығы Қазақстанды боксшыларымыздың тамаша табысы арқылы тани бастады. Сол Олимпиадада Қазақстан спортшылары барлығы он бір медальға ие болса, соның төртеуі Нұрмахановтың командасының үлесінде. Василий Жиров Қазақстан боксшыларынан бірінші болып, ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын жеңіп алды. Кезінде Мәскеудің әділетсіздігінен боксшы ретінде бағы байланған Әбдісалан Нұрмаханов Атланта олимпиадасында бапкерлік білігімен дүниежүзін мойындатты. Осы Олимпиада қарсаңында Нұрмаханов өзінің нағыз майталман маман екенін көрсетті. Тоқсан алтының көктемінде боксшы жігіттерді Сарыағаш шипажайына арнайы апарып, ішқұрылыстарын тазартып, асқазандарын жуғызды. Одан кейін құраманы Ыстықкөлдің жағасында жаттықтырып, бір жағынан суға малтытып, тыңайтып алды. Алатаудың баурайындағы жиында жігіттерге ақшұбар тас лақтыртып, шой балғамен трактордың дөңгелегін ұрғызды. Күнге күйдіріп, таудың салқын ауасында әбден шыңдады. Қазы-қартаны кертіп жеп, қымыз, шұбатты таңдап ішкен батырлар нағыз бабында еді. Олимпиада басталуға екі апта қалғанда Нұрмаханов шәкірттерімен АҚШ-тың Орландо штатына барып орналасты. Осы қалада асықпай жаттығып, жергілікті ауа райына, сол жердің табиғатына бейімделген спортшылар дәл Олимпиада қарсаңында Орландоның былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жекке шықты. Бұл бәсекеде қазақ жігіттері айқын басымдылық танытты. Содан кейін қазақ құрамасы Атлантаға ат басын бұрды. Бұл дегеніңіз – нағыз өзіне сенген, өзіндік көзқарасы бар, білімді әрі батыр адамның ғана қолына келетін тірлік. Ол кезде жер түбіндегі Америка Құрама Штаттарына жарыс басталардан екі апта бұрын бару оңай емес болатын. Қазақстанның экономикалық жағдайы қазіргідей болса, ештеңе емес. Спорт министрлігінің қаржысы қазіргіден бірнеше есе аз. Оның үстіне мұндай қадамның жауапкершілігінің өзі мың батпан. Нұрмахановтың орнында басқа бапкер болса, дәл осылай тәуекел жасай алар ма еді, кім білсін. Мен сол тұста республиканың Спорт министрі ретінде осы істің басы-қасында болдым. Боксшыларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасадық. Қазақ боксшыларының сол жеңісі басқа спорт түрлеріндегі жаттықтырушылар мен спортшыларға ой салды. «Боксшылар жеткен биікке біз неге ұмтылмаймыз?» деген сауал Атланта олимпиадасынан кейін талай адамды мазалап, ширықтырғаны, қамшылағаны анық. Атланта олимпиадасынан кейін елдің түкпір-түкпіріндегі бокс үйірмелері балаларға лық толды. Ең бастысы, Нұрмаханов пен Махмұтовтың бокс шыңына бастаған жеңіс жолы сәтімен жалғасты. Біздің былғары қолғап шеберлері Атланта, Сидней, Афины, Бейжің олимпиадаларында алтын медальдарға қол жеткізді.<ref name="test">Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы</ref>

Сілтемелер

<references />

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Әбдісалан Кәрімұлы Нұрмаханов|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}