Қарашүңгіл мұнай кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мұнай кен орны Қарашүңгіл мұнай кен орны - Атырау облысы Жылыой ауданы Аққұдық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 12 км жерде орналасқан.

Тарихы

Қазақ жерінде алғашқы мұнай өндірген (1899 жылы, қараша айы) кен орны. Қазақстанда мұнай өндірудің тарихы Қарашүңгіл мұнай кен орнынан бастау алады. Ембі-Каспий серіктестігі (Леман, Доппельмаер және Грум-Гржимайло) Қарашүңгіл кенінде 38-275 м-ге дейінгі тереңдікте 21 ұңғы бұрғылады. 1899 жылы қараша айында №7 ұңғыда 40 м тереңдіктен мұнайдың тәуліктік шығымы 22-25 т тұңғыш мұнай бұрқағы алынды. Пайдалану мерізімінде ұңғыдан 5 мың т мұнай алынып, Ембі аймағында мұнайдың өнеркәсіптік қоры бар екендігі дәлелденді.

Геологиялық құрылымы

Мұнай кэпрок - "тас қалпақ" шөгінділеріне тура келеді. Жыныстарға карстық сілтісіздену белгілері бар гипс, губка тәрізді кеуекті гипспен қатар ұсақ және ірі кристалды қатты гипс қабаттары және мергельді жыныстар - мәрмәр тәрізді тастар бар. Мұндағы гипс деп сипатталып отырғаны төменгі пермь кунгур ярусының галогендік қабатына тән ангидрит болуы әбден мүмкін, бұған мәрмәр тәрізді әктастар қабатының ұшрасуы дәлел бола алады. №7 ұңғыға таяу жерден 169 м тереңдікке дейін бұрғылаған Леманның ұңғысынан құрамында екі тұз қабаты бар (38 және 16 м) гипс (ангидрит) қабаты байқалған. Осылай ангидриттің қалыңдығы шамалы тұз қабатымен алмасып отыруы кунгурдың галогендік қабатының төменгі бөлігіне тән; мұнда тұз асты қабатта, көбінесе филиппов қабатына жатқызылатын төменгі ангидрит будасы орналасқан; Оңтүстік Ембінің өнеркәсіптік мұнайы осы филиппов қабатымен байланысты.

Кэпрокта жоғарғы пермь мен төменгі триастың қызыл түсті саздары мен аргиллиттерінің белгілері жоқ.

Қарашүңгілдің тұз күмбезі үстіндегі тұз штогы (ядросы) ортасында қаныққан тұз ерітіндісіне (рапа) толған шұңқыр пайда болған. Кен түзілуі карст құбылысынан пайда болған тесіктерге немесе кішкене линзаға тура келуі мүмкін. Нақтылы геологиялық мәліметтерге талдау жасау негізінде Қарашүңгілдің №7 ұңғысынан алынған мұнай иірімінің стратиграфиялық жасы туралы мынандай қорытынды жасауға болады: ерте кунгурдың төменгі ангидрит қабаты - төменгі пермь - жоғарғы палеозой.<ref>Мұнай және газ терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Жалпы редакциясын басқарған Қазақстанға еңбегі сіңген мұнайшы-геологтар Т.Н. Жұмағалиев, Б.М. Қуандықов. — А.: APHgroup, 2000. — 328 бет.</ref> <ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер