Қаламқас мұнай-газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мағына Қаламқас мұнай-газ кен орны - Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысында орналасқан мұнай және газ кен орны. Кен орнының құрылымы 1974 жылы белгілі болды, іздестіру-бұрғылау жұмыстары 1976 жылы басталып, сол жылы кен орны ашылды. Қаламқас мұнай-газ кен орны өзі қарайтын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жалпы мұнайының 70 пайызын өндіретін ірі кенорны. 1979 жылдың 2 наурызында Қаражанбас газ-мұнай кен орнымен бірге өз алдына «Комсомолскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы болып құрылды. Ол атау 1992 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына өзгертіліп, кен орны өз төл атауын иемденген. Кен орны 1980 жылдың 2 қарашасында алғашқы миллион тонна мұнайын өндірсе, одан 25 жыл өткен соң 2005 жылдың 6 маусымында 100 миллионыншы тонна «қара алтынын» өндіруге қол жеткізді. Ал бүгінгі күнге дейін 118 миллион тоннадан астам мұнай өндіріліп, ел байлығын еселеп отыр.

Географиялық орны

Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 280 км жерде Бозащы түбегінде орналасқан. Солтүстік Бозащы мұнай бассейніне жатады.

Атауының тарихы

Бозащы түбегіндегі ежелгі қорымның бірі – Қаламқас қыздың есімімен аталады. Қаламқас Маңғыстауға алғаш қоныс аударған адай, беріш, таз, т.б. рубасылары – Атағозы, Шотан, Шақан, Қожамбет, Есболай, Ақпандармен бірге келген ұрпақтың өкілі. Бозашы түбегін алғаш жайлағандар Адай руының жары, жеменей, түрікпенадай Тәңірберген, Беріштің қаратоқай тайпалары болса, Қаламқас ару жарының бектеміс бөлімінен. Ол – жаугершілік заманда ат үстінен түспегей, белінен бесқаруын тастамай, ел қорғаны -ер азаматтармен бірге талай қанды жорықтарға қатыса отырып, Отанын басқыншы жаулардан қорғаған батыр қыздарымыздың бірі. Ал бейбіт күнде ауылды азық –түлікпен қамтамасыз етуге белсене араласқан, аңшы–мерген атанған ару.

Осы мәдени –тарихи ескерткіштер қатарына жататын «Қаламқас әулие» қорымын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әкімшілігі өз қамқорлығана алып, басына сәулетті кесене тұрғызу жөніндегі Қаламқас кен орнының бір топ мұнайшыларының ұсынысын жерге тастамай Қаламқас арудың бес қаруы бойында ақбоз атпен шауып келе жатқан бейнесі тасқа бедерленіп қашалған ескерткіш және Қаламқастың өзі тыныстап жатқан қорымда алып кесене дүниеге келді.

Геологиялық құрылымы

Кен ортаңғы юра қабатының беті бойынша амплитудасы 100 м-ге жуық ендік бойымен созылған брахиантиклинальдық қатпардан орын алған. Кеннің мұнай сыйыстырушы қимасы триас, юра және бордың терригендік шөгінділерінен құралған, бұлардың ең қалың тұсы 2395 м. Апт шөгінділерінде 2 газды қабат, неокомда 6, ортаңғы юра шөгінділерінің қабатында 2 газды-мұнайлы, 5 мұнайлы қабат анықталған.

Жатыс сипаты

Өнімді қабаттар 505 – 936 м тереңдікте жатыр. Табиғи сыйымдылықтың түрі жөнінен апт иірімдері, неокомның бір қабаты, юраның бес иірімі қабаттық күмбездік, неокомның бес иірімі қабаттық литологиялық қалқаланған, юраның үш иірімі қабаттық, тектоникалық қалқаланған болып қалыптасқан. Коллекторларының кеуектілігі 23 – 29%-ға, өткізгіштігі 0,105-тен 1,468 мкм2-ге жететін құмтастар мен алевролиттерден құралған. Жаппасы қалыңдығы 4-53 м-ге дейінгі сазды жыныстардан тұрады. Өнімді қабаттардың жалпы қалыңдығы 4-28 м, тиімді қалыңдығы 4,2-10,3 м-ге дейінгі шаманы құрайды.

Қанығу сипаты

Мұнайға қанығу коэффициенті 0,66-0,72, газға қаныққандығы 0,32-0,69. Мұнайдың тығыздығы 0,902 – 0,914 г/см3, күкіртті, парафинді, шайырлылығы жоғары, газға қаныққандығы 25 м3/т.

Құрамы

Қаламқас мұнайы ванадий және никельдің өнеркәсіптік шоғырларымен ерекшеленеді. Бастапқы қабаттық қысым 6,5 – 9,6 МПа, температура 39-44°С, 7 мм-лік штуцерде мұнайдың бастапқы шығымдары 26,4-62,1 м3/тәулік болды. Аз мөлшерде азот пен көмір қышқыл газы кездеседі. Юраның үш қабатындағы газдар жеңіл, ондағы ауыр көмірсутектердің мөлшері 5,9-9,9%-ға дейін өзгереді. Юраның бір иірімінде еріген газ құрамы жөнінен «құрғақ», құрамындағы метан 94,5%-ға жетеді. Төменгі бор иірімдерінің еркін газдары құрамы жағынан метаннан тұрады, оларда ауыр көмірсутектер аз кездеседі (0,85%), азот мүлдем кездеспейді, көмір қышқыл газының мөлшері 0,31%-дан аспайды. Бастапқы қабаттық қысым 9,5 – 8 МПа, температура 30-38°С. Кен орны 1979 жылдан бері игерілуде<ref>«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (10 томдық), Алматы, 1998 – 2007. </ref>. <ref>«Атырау» энциклопедиясы, Алматы, 2000</ref> <ref>Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер