Қазақ-Қытай қарым-қатынасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жоңғар хандығының жойылуы

1741 жылы жоңғарлар Орта жүзге басып кіріп, Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанның ауылдарын ойрандап, Абылайды тұтқынға алып кетеді. Келесі 1742 жылы Қалдан Серен қонтайшы екі қосын әскер шығарып, Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанға қалмақ билеушісіне тәуелділігін мойындатып, олардан аманат алады. Тек Кіші жүз ғана орыс әкімшілігінің араласуымен қалмақтардың басқыншылығынан аман қалады.

Абылай сұлтан тұтқында екі жылға жуық мерзім болып, орыс әкімшілігінің араласуымен және Әбілмәмбет хан өз ұлын Абылай сұлтанның орнына аманатқа жіберген соң ғана бостандыққа шығады. Тұтқында болған кезінде Абылай ойрат тілі мен жазуын үйреніп, Жоңғар хандығының ішкі өмірімен танысып, Дабашы және Әмірсана нояндармен достасады. Абылай сондай-ақ жеке ерлік қасиетімен, мемлекеттік қайраткерге лайық ақылымен Қалдан Серенге үлкен әсер етіп, қонтайшы сұлтанды еліне қайтарар алдында екеуі Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы арасындағы бейбітшілік туралы бітім шартын жасасады.

Қалдан Серен өмірден өткен соң (1745 жылы) Жоңғар хандығында тақ үшін талас басталып, оның арты үлкен берекесіздікке ұласады. Абылай жоңғар билігіне таласушы нояндарды кезек қолдап, оларды өзара әлсіретіп, қалмақтардың қазақ жеріне басқыншылығын болдырмауға тырысады. Бірақ сұлтанның бұл әрекеті Жоңғар хандығын біржола жоюға бағытталмағаны анық. Ондай қауіп ойраттарға шығыс жақтан, яғни Қытай мемлекеті тарапынан төніп келе жатыр еді.

1755 жылы ерте көктемінде Цин империясының әскері ойраттардың ішіндегі алауыздықты пайдаланып, Жоңғар хандығына басып кіреді. Жазға қарай жоңғарларды "тыныштандыру" аяқталады. Жоңғар ханы Дабашы тұтқынға алынып, Пекинге жөнелтіледі. Дабашыны құлату үшін қытай әскерін бастап келген Әмірсана, енді ойраттарды циндерге қарсы көтеріліске шақырады, бірақ қолдау таба алмай, қазақ жеріне, Абылай сұлтанға келіп паналайды. 1756 жылы Абылай сұлтанға Цин елшісі келіп, Әмірсананы ұстап беруді талап өтеді, бірақ Абылай елшіліктің өтінішін орындаудан бас тартып, ойраттардың ұлт-азаттық күресі жағында екендігін танытады. Цин үкіметі бұған жауан ретінде солтүстік және оңтүстік бағыттағы әскеріне екі саппен Қазақстанға енуге бұйрық береді.

1756 жылдың жазында Абылай мен Ералы сұлтандар бастаған Орта және Кіші жүз жасақтары жақсы қаруланған қытай әскерімен бірнеше қанды шайқастар өткізеді. Сібір губернаторы В. А. Мятлев Сыртқы істер коллегиясына берген мәліметінде 10 мың адамнан тұрған қазақ қолдары Аягөз өзенінің бойында Цин әскеріне бірнеше мәрте елеулі соққы бергендігін жеткізеді.

1756 жылы қыркүйекте Солтүстік Моңғолияда циндерге қарсы көтерілістің басталып кетуі, оның артын ала келген қысқы суық қытай әскерінің Қазақстанға тереңдеп енуіне мүмкіндік берген жоқ. Сонымен Цин әскері осы жылғы жазда алдына койған мақсатына жете алмады. Соңында, біраз жеңілістен соң, циндіктер күзге қарай әскерін қазақ жерінен алып кетуге мәжбүр болды.

1757 жылдың жазында Жоңғарияның Цин әскеріне қарсы көтерілісі біржола жеңіліс тапты. Жоңғар хандығы өмір сүруін тоқтатты. Оның осы мезгілдегі 600 мыңдай халқынан 30—40 мыңы ғана көрші елдерге бас сауғалап тірі қалды.

Жоңғар хандығын ойрандаған Цин үкіметі енді Қазақстанмен шекарасын анықтау әрекетіне көшеді. 1755, 1756 жылдары Абылай сұлтанның ауылына Цин елшілігі келіп, патшаның хатын тапсырады. Қытайлықтар Жоңғар хандығының барлық мұрасын, соның ішінде ойраттардың бұдан бұрын қазақтар мен қырғыздардан тартып алған жерін де иемденбек ниетін білдіреді. Алғашында бұл пікірге қарсылық білдіріп, ойраттардың азаттық қозғалысына ашық қолдау көрсеткен Абылай 1757 жылдың күзінде Цяньлун патшаға Шағыр және Өміртай бастаған он бір кісілік елшілік аттандырып, екі ел арасында бейбітшілік қатынас орнату жөнінде келісім шарт жасасуды ұсынады.

Қазақ елшісімен әңгіме кезінде Цяньлун патша: "Егер Цин Ресеймен соғыса қалған жағдайда қазақтар қай жағына көмектеседі?" — деген сұрау қояды, оған қазақ елшісі: "Сіздер сияқты ақсүйек патшалар өзара соғысып жатса, біз сияқты кішкентай елдің ондай іске араласпағаны жөн шығар, ондай жағдайда біз бейтарап қаламыз", — деп жауап қайтарады.

Цин империясының 1758 жылы Жоңғар хандығы мен Шығыс Түркістанды жаулап алып, тікелей Қазақстан шекарасына шығуы, әрине, бұл аймақтағы жағдайға Ресейдің де мүдделілік таныта бастауына түрткі болды. Өз ретінде Абылай хан мен оның бағытын қолдайтын қазақ билеушілері екі империяның арасында мүмкін болғанша тәуелсіздігін сақтауға тырысты. Сонымен бірге кезінде ойраттар басып алған қазақ жерлерін қайтаруға, Шыңжаң базарларында, яғни жаңа ғана Қытай империясы құрамына енген Жоңғария мен Шығыс Түркістанда бұрынғыдай еркін сауда қатынасын сақтауға күш салды.

Қытай үкіметі қалмақтардан босаған жерге қазақтарды жібермеу мақсатында Іле өзені бойы, Тарбағатай және Ертіс өзеніне дейінгі аралықта әскери бекіністер сала бастайды. 1761 жылы қытай патшасы қазақтарға Аягөз өзенінің оң жақ бетіне көшіп-қонуға тыйым салған жарлық шығарады. Бірақ оған қазақ малшылары құлақ аспай, Тарбағатайдың жайылымдарын пайдалана берді. 1767 жылы Цин үкіметі қазақтарға Тарбағатай мен Іле өңіріндегі жайылымдарды пайдалануға келісім беруге мәжбүр болды, бірақ оның есесіне, қазақ малшыларынан жер майы салығын төлеп тұруды талап етті. Сонымен, XVIII ғасырдың соңына қарай Орта және Ұлы жүздің біраз бөлігі Қытайға жер салығын төлеп, Тарбағатай, Іле өңірі және моңғол Алтайындағы бай жайылымдарды пайдалану мүмкіндігін иемденді. Кейін бұл аймақ Қытайдың Шыңжаң өлкесі құрамына енді.

Абылай

(Әбілмансұр) — аса ірі мемлекет қайраткері, қолбасшысы, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ұрпағы. Ол "Ақтабан шұбырынды" тұсында жетім қалып, Төле бидің қолында болып, тәрбие алады. Қалмақтармен шайқас алдында өткен бір жекпе-жекте қалмақ батыры Шарышты өлтіріп, шабуылға шыққанда, атасының аруағын шақырып "Абылайлап" шауып, содан өзі де Абылай атанып кетеді.

Алдымен ержүрек батыр ретінде танылған Абылайдың 30—50-жылдардағы қызметі қалмақ шапқыншылығына қарсы қажырлы күресте өтті, сондай-ақ бүл істе қазақ және қалмақ жүртшылығы бірдей таныған көреген және айлалы саяси қайраткер есебінде көрінді. Абылай — Жәңгір ханнан соң қалмақ тұтқынында болып қайтқан екінші қазақ ханы.

XVIII ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысындағы қалмақ қасіретіне белсенді түрде араласқан. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1756 жылы жазда қытай басқыншыларына тойтарыс берді. Орта жүздің билеушісі ретінде Әбілмәмбет ханмен бірге 1740 жылы Орынборда Ресей билігін мойындап, ант береді. Бұл антын 1762 жылы қайталайды. Тәуке ханнан кейінгі кезеңде құлдырау жолына түсіп, біржола жоқ болуға айналған ұлттық мемлекеттікті жақтырту әрекеті де Абылайдың есімімен байланыстырылуы әбден негізді. Ол Батыс пен Шығыстан төнген қауіп жағдайында қазақ еліне тұтас мемлекеттік биліктің аса қажет екендігін өз уақытында тура түсініп қана қойған жоқ, осы мақсатта нақты әрекеттерге де барды. 1771 жылы Түркістанда жалпы қазақ ханы болып сайланғаннан кейін Ресей патшасына елші жіберіп, өзін үш жүздің ханы ретінде мойындауды талап етті, бірақ орыс патшасы грамотасында оны тек Орта жүздің ханы ретінде мойындайды. Абылай бұл грамотаны Орынборда немесе Троицкіде алуға тиіс болды, бірақ оны алуға бармады. Ресей патшаларының қазақ қоғамында ұстанған "тепе-теңдік" саясатының мазмұнын жақсы ұғынған Абылай отаршыл әкімшіліктің қолындағы ойыншық хан болғысы келмеді. Төле би және басқа қазақ басқарушыларымен бірге қазақ елінің белгілі бір бөлігінің тұрақты егіншілікпен айналысып, отырықшы тұрмысқа өтуін қалады.

Қазақтардың ұлттық санасы

1723 жылғы жоңғар қалмақтарының басқыншылығы, қазақтардың Түркістаннан айырылуы, атамекенін тастап, шұбырындыға ұшырауы ұлттық санаға үлкен соққы болып тиді. Дегенмен халықтың белсенді күштері оны құтқарып қалуға ұмтылды. Топыш ақын өзінің "Ақтабан шұбырынды" толғауында:

Ұмытпа, қазақ, "Алаш" ұраныңды,
Ойыңнан үзбе, халқым, құраныңды.
Артыңа өлгендерің өсиет қыл —
Халық боп Қаратауда құралуды, —

деп, сол тарихи кезеңдегі қоғамдық санадағы ортақ ойды білдірді.

"Ақтабан шұбырынды" тұсындағы халық санасындағы елеулі құбылыс — әрбір қарапайым қазақтың өзінің белгілі бір рулық қауымға ғана емес, жалпы қазақ еліне тән екендігін терең ұғынуында еді. Өзге жұртқа жер ауып барып, түрлі ауыртпалықты басынан өткізген жас пен кәрінің санасында Отан, Ел, Атамекен сияқты қасиетті ұғымдар терең орнады.

XVIII ғасырдағы құба қалмақпен (жоңғарлар), қытайлармен, қырғыздармен соғыс-қақтығыстарда бүкілқазақтық мүддені қорғаушы атақты батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, алшын Тайлақ, бәсентиін Малайсары, керей-уақ Баян, қыпшақ Дербісәлі, т.б. шыққан еді. Бұл батырлар белгілі бір рулардың жасақ-қолын бастап шыққанымен, олардың әрқайсысының мақсаты жалпыұлттық мүддеге ұласқан, сондықтан да өз қызметі мен күресін бүкіл қазақ халқының тағдырымен байланыстырған тарихи кезең тұлғалары болатын. Бұқар жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте келіп, батырдың өмір жолына мынадай баға береді:

Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Алаштың абырой-атына
Сарп қылған бар күшін.

Егер батырлықтың негізгі өлшемі батырдың өз руы мен тайпасын ғана емес, жалпы ұлтын, Отанын қорғау болса, жырау толғауы мен би кесімінде жалпыұлттың мүдде рулық, жүздік мүддеден жоғары қойыла бастайды. Бұқар жырау ауызбірлігі кетіп, ел арасы алауыздыққа ұрынып, ең соңында Цин әскерінің қырғынына ұшыраған қалмақ елінің қайғылы тағдырын көлденең тартып, "кіші қалмақ бүлінерде... уағдадан жылысты, буыршындай тістесті, жамандықты іздесті, бірін-бірі күндесті, жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса, бәрі оңбас, ханын қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ оңбаған" деген тұжырым жасайды.

Қазақ елі түрлі ауыртпалықтарға қарамастан, ұлттық ұю және кемелдену жолынан ауытқымады.<ref>Қ19 Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4</ref>

Дереккөздер

<references/>