Соғым

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Соғым сою, соғымқазақ халқының бұлжымас салты. Бұл әр жыл сайын қайталанып отыратын қыстық азық-түліктің мол қоры. "Қыс қамын жаз ойлайтын" ел жаз шығысымен-ақ күздік және қыстық соғымын ерте ойластыра, қарастыра бастайды. Ондай малды күні бұрын белгілеп, күтімге алады. Соғымға түйе, жылқы, сиыр сияқты ірі мал сойылады. Ауқатты отбасылар 2-4 ірі мал сойып алады. Соғым сою да мәртебелі, берекелі әрі атаулы сәт. Әр елде, әр ауылда кәсіпқой соғым союшылар болады. Оны «қасапшы» деп атайды. Мал союдың жөн жосығы, тәртібі болады. Соған орай әрбір жілік, омыртқа, қабырға, қазы тағы басқа кәделі мүшелер тиісті ет майымен бірге бөлінуі керек. Олай болмаған жағдайда қасапшыға да, табақ тартқанда үй иесіне де мін.

Соғым кезінде ішек-қарын тазартатын әйелдер де әзір тұрады. Әсіресе, жылқының ішек-қарындары яғни, қазы-қарта деп жұрт қадірлейтін мүшелері өте мұқият тазртылуы қажет. Ірі малдың жіліктері мен қабырғалары екіге бөлінеді. Яғни бір жарты жілігі, басқа еттермен бірге бір табақ есебіне жүреді. Қазақ қасиетті мал есебіне жатқызатын түйе мен жылқының басын бөлмей асып, пісірген. Сиырдың басын ғана бөліп, жеке-жеке тартқан.

Соғым сойылғаннан кейін міндетті түрде мол қуырдақ қуырылады. Одан қасапшылармен бірге, ақсақалдар, көрші-көлемдер тойғанша жейді. Қасапшыларға еңбегі үшін «қолкесер» яғни еңбегі үшін ет беріледі.

Соғымнан жақын-жуық, туыс-туған, құда-жекжаттарға міндетті түрде ауыз тигізу керек. Немесе сыбағасын беріп жібереді.