Нағымбек Нұрмұхаммедов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Infobox Biography Нағымбек Нұрмұхаммедов (1924 — 1986 жж.) Қазақтың бейнелеу өнерінде алақанының ыстық табын қалдырған біртуар суретшінің бірі Нағымбек Нұрмұхаммедов болатын. Газет-журнал беттерінде "Әкем келеді", "Ыстықкөлді еске алу", "Биші Лераның бейнесі", "Мұхтар Әуезов", "Василий Блаженный шіркеуі", "Аманкелді Иманов шабуыл үстінде" дейсіз бе, үздіксіз басылып жататын.

Табиғаты әсем, талантты ұл-қыздарға аса бай Баянауыл жерінен Алматыға өнер іздеп келген Нағым ағаның өмір жолы тап картиналарындай, қою колоритке толып түратын. Ол кісіні фашизмнің өрт көмейін бітеп, қан кешіп келген майдангер десеңіз де, жойқын суретші, өнер зерттеушісі десеңіз де жараса кетеді. Қарап отырсақ, Нағым өз заманының бел баласы. Алған дипломы да көп, жасаған көрмелері де жиі. Қағажу көріп, шет қақпай қалған жері жоқ. Өйтетін де жөні бар, кеңестік кезеңде суретшілердің бәрі бірдей жоқшылықтың қамытын киіп кетпегені өзімізге мәлім. Нағымбек аға да Қазақ КСР-нің халық суретшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты атанды. Екі мәрте "Құрмет белгісі" орденін алды. Оның Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы, сөз жоқ, о баста Жаратқан берген таланты мен жарғақ құлағын жастыққа тигізбейтін еңбекқорлығының арқасы екені де анық.

Иә, кеңестік дәуір соншалық түйық болса да Нағым ағаның жаһангездігіне таңғаласың. Соғыс кезінде Берлинге дейін жүріп өткені өз алдына, Үндістан, Жапония, Франция, Венгрия, Италия, Испания, Англия, Бразилия елдерінде болыпты. Ыстық жақтың көз қарыған шаңқан табиғатымен, салқын өлкенің корғасындай ауыр аспанын қатар көргендігінен болар, суретшінің картиналары да алуан түрлі. Тақырыптарының ауқымы да мейлінше кең. "Қазақстан магниткасы", "Әскери-теңіз флотының тыныс-тіршілігі", "Хиросима", "Тас төсеуші", "Бразилия моншағы", "Иудино ағашы", "Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес", "Бауыржан Момышұлының бейнесі" десек те суретші Н.Нұрмұхаммедовтың қолынан шыққан зор панорама көз алдына заматта пайда болады да еріксіз таңырқатады.

Нағым ағаның "Копакабандағы кездесу" дейтін картинасы бар. Жағалауда, ұяла кездесіп турған жігіт пен бойжеткеннің нәзік сезімдеріне арналған осы картинаның бір қызығын айтайын. Кейіпкерлерінің сары шашты, басқа нәсілдің адамы екеніне қарамастан, олардың бойындағы тек қазаққа ғана тән ішкі бұлқыныс, әлдебір қуаныш, алабұртқан тебіреністі сезінген бала көңіл "Копакабанды" Қопақабан деп ұғып, Қазақстанның картасынан ал келіп іздейін. Жоқ, таппағам. Кейін білдім, Копакабан — сонау Рио-де-Жанейродағы жағалаудың аты екен. Меніңше, Нағымбек ағаның шығармашылығының асқар биігі "М.Фрунзенің Самарқан халық еріктілері алдында сөз сөйлеуі" атты картинасы. Уақыттың сол кездегі суретшіге қойған шартында шаруам жоқ. Мені тамсантып отырғаны бұл картинада бәрі бар. Мұндағы топтық портретті, табиғат көрінісін, натюрморт пен анатомиялық дәлдікті айтпағанда, сурет, композиция, рең, тон, колорит, бояудың жарық-көлеңке, суық-жылы алмасуына қойылар сандаған талаптарын қиналмай көтеріп кеткен толағай күш жатыр. Майлы бояумен картина жазу, қазақ жерінде Нұрмұхаммедов туғаннан аз ғана бұрын өркен жайды десек, сол үрдісті табан астында үйреніп, баяғыдан бардай, бар болғанда етене өнердей ширатып, өріп әкеткеніне де қайран қаласың. Қай ортаға да қазақтың көпті көрген бір-бір шалы керек-ақ. Нағымбек аға ортамызда жүрсе бейнелеу өнерінің маңдайы бір еліге болса да ырысты болар еді-ау. Үкі Әжиевтей, Жұмағали Қанапьяновтай құрдастарының арасында жамбастап жатып, "Эй, балалар, бүл сурет былай жазылса құп" деп, ақыл салғанының өзі не түрар еді. Шіркін, тіршіліктің бүкіл нәрін бойға жинап, ақыл айтып, абыз атанатын шағы еді ғой! Алматының саяси оқиғасы қып- қызыл болып әуеге аталып жатқан кезде, 17 желтоқсан күні (1986) дүниеден өтті де кетті. Егер кездейсоқ ештеме болмайды десек, қайтып қан кешкісі келмеген болар. Балаларын, өзі жырлаған заманы жастарды тепкілегенін көргісі келмегені шығар... Туғанына сексен жыл дейтін сөзді ауыз толтырып айту үшін, оның иесінің артына қалдырған мұрасынын салмағын, қазыналы ғұмырын бажайлау керек болар. Бұл орайда, Нағым ағаның жұлдызы жоғары. Біздің буынның, "әкелеріміздей суретші болсақ" дейтін төтті арманының ішінде дәнек болып Әбілхан, Қанафия, Молдахмет, Сахимен қоса Нағымбек Жәлелдинұлындай суретші жүрді. Тек өкшемізді басып келе жатқан "шимайшы" немерелері ұмытып кетпесін деңіз. Қой, олай бола қоймас. Нағым ағаның жүрекпен ғана ұғатын кішкентай кейіпкері жұмсақ сезіммен "Әкемкеледі!" деуші еді ғой... <ref>Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Bio-stub