Мұрат Жұрынұлы Жұрынов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өмірбаяны

Жұрынов Мұрат (7.12. 1941 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы) – ғалым, химия ғылымдарының докторы (1981), профессор (1981), Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (1994).

Қазақ химия-технологиялық институтын (1964) және Мәскеу химия-технология институтының аспирантурасын (1970) бітірген. 1965 – 82 ж. Қазақ химия технологиялық институтында оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, 1982 – 85 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 1985 – 91 ж. Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991 – 95 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры болды. 1995 – 97 жылдары Қазақстан Республикасының білім министрі, 1997 – 2001 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Органикалық катализ және электрхимия институтының директоры.

Негізгі ғылыми жұмыстарының бағыты – табиғи қосылыстардан биологиялық активті заттарды электрмен синтездеп алу. Жұрыновтың ғылыми зерттеулері органикалық қосылыстардың әр түрлі кластарының электрхимиялық қасиеттеріне және электрхимиялық синтездің жаңа әдістерін жасауға, дәрі-дәрмектер мен бұрын белгісіз физиологиялық активті қосылыстарды алуға арналған. Ол фосфор өндірісінің қатты және сұйық қалдықтарын (феррофосфор мен [фосфор шламдары) электрхимиялық жолмен қайта өңдеу, әр түрлі металл фосфидтерін электрхимиялық жолмен алу, табиғи дәрілік заттарды өсімдіктерден электрхимиялық тәсілмен экстракциялау бағытында нәтижелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген алкалоидтер негізінде ерекше электрхимиялық әдіспен дәрі-дәрмектер (опиан қышқылы, котарнин, пахикарпин, тағы да басқа) мен жаңа фармакологиялық активті заттарды синтездеу жолдарын зерттеді. Жұрыновтың шәкірті А.Б. Баешовпен бірге ұсақ кристалды (ультрадисперсті) мыс ұнтағын алудың тиімді электрхимиялық әдісін ұсынды.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref><ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Еңбектері

  • Квантовая электрохимия алкалоидов
  • Химия l-аминонитрилов
  • Алифатические диамины в органическом синтезе

Дереккөздер

<references />