Мыңарал кесенесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Мыңарал кесенесі — cалынған уақыты: б.з.д. І мыңжылдықтың 2-жартысы. Археологиялық Мыңарал кесенесі Баланды І бекіністі тұрақ-жайынан батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан.

Географиялық координаттары:
44°10′51,9"с.б.
063°18′02,1"ш.е.

Ескерткішті 2006 жылы Шірік Рабат археологиялық экспедициясы (Ж.Құрманқұлов) ашып,координаттарын анықтаған және суретке түсірген, 2008-2009 жылдары қазба жұмыстарын жүргізген. Дөңгеленіп, кейбір жерлері шошайған төбешік түрінде болып келген құрылыстың диаметрі — 14 м, сақталған биіктіктері — 0,7-1,5 м. Қазба барысында ескеркіштің төрт бөлмеден тұратындығы анықталды. Еденіне көлемі 40×30×10 см болатын қам кесек төселіп, бетіне қалыңдыңы 3 см-ге жуық лай жағылған. Кірер есіктің ені 80 см-ге жуық.

Оңтүстік-батыс бөлме

Оңтүстік-батыс бөлмеде оңтүстік-батыс қабырғадан 1,4 м, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан ортаңғы қабырғадан 1,7 м жердегі көлемі 80×80×20 см болатын қам кесек орналасқан. Үстіңгі бетіндегі тереңдігі 10 см болатындай екі ярусты конус іспетті ойықшаға қарағанда бұл қам кесек бағана іргетас қызметін атқарған. Бағана іргетасынан батысқа қарай 50 см жерден бетіне саусақпен салынған шеңбер (О) тәрізді таңбасы бар екі кесек табылды. Бұл бөлменің еденіне де көлемі 40×40×10 см болатын қам кесектер төселіп, бетіне қалыңдығы 3- см-ге жуық лай жағылған.

Солтүстік-шығыс бөлме

Ал, солтүстік- шығыс бөлмеге кіретін есік бөлменің оңтүстігінде, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан ішкі қабырғаның шығыс жағында орналасқан. Ішкі қабырғаны кесіп өтіп бірінші бөлмемен байланысып жатқан бұл есіктің ені 1 м. Бұл бөлмедегі еденнің үстіне үш адам жерленген. Мәйіттердің жанынан шарықта істелген құмыра, жапсырмалы әдіспен істелген көзе (сақталуы нашар) мен шарықта жасалған тостаған (диаметрлері: ернеуінікі-20 см, түбінікі-7 см, биіктігі-7 см) және құрбандық малының қабырға сүйектері қойылған. Бағана іргетасы бөлменің қақ ортасында орналасқан. Екі ярусты болып келген оның көлемі 1×1×0,2 м. Осы іргетастың жанынан саусақпен салынған доға тәріздес таңбасы бар кесек жатыр.

Төртінші бөлме

Төртінші бөлмеде құрылыстың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Тік қабырғаларының ұзындығы - 3 м. Бөлмеге кіретін есік оңтүстікте, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан ішкі қабырғаның батыс жағында да есік орналасқан. Ішкі қабырғаны кесіп, екінші бөлмеге өтетін есіктің ені 1 м.

Бұл бөлменің басқа бөлмелерден ерекшелігі - мәйіттердің еден астындағы қабір шұңқырына жерлегендігінде. Бөлмеден екі қабір шұңқыры шықты.

Бірінші қабір шұңқыры

Бірінші қабір шұңқыры бөлменің шығыс бөлігінде, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан қабырғаға іргелес орналасқан. Бұрыштары дөңгеленген тікбұрыш пішінді болып келгеноның ұзындығы -2,7 м, ені-0,95 м, тереңдігі-0,62 м. Қабір шұңқырының қабырғалары өлшемдері 34×28×9 см болатын қас кесектермен өрілген. Табанына да дәл осындай кесектер төселген.

Екінші қабір шұңқыры

Екінші қабір шұңқыры бөлменің батыс бөлігінде, доғалдау болып келген солтүстік-батыс қабырғаға іргелес орналасқан. Жобасында бұрыштары дөңгеленген тікбұрыш пішінді бұл қабір шұңқырының ұзындығы -2,4 м, ені-0,85 м, тереңдігі-1,3 м. Мұнда да алдыңғы шұңқыр тәрізді қабырғалары біркелкі кірпіштермен өрілген. Бұл екі бөлменің еденіне де көлемі 40×30×10 см болатын қам кесектер төселіп, бетіне қалыңдығы 3 см-ге жуық лай жағылған.

Мыңарал кесенесіне жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесі

Мыңарал кесенесіне жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде мынадай көріністер айқындалды: - құрылыс алдын-ала дайындалған қалыңдығы 740 см-ге жететін платформаның үстіне салынған. Қабырғалары төменгідей сипатта қаланған; қабырғалардағы кесек қаландылары құрылыс заңдылықтарына сай әдіспен қаланып, әр қатардың арасына бір деңгейде лай төселген. Кесектер арасындағы байланыстың үстіне кесекті ұзынынан қою іске асырылған (кейбір жағдайларда кесектің ⅓ бөлігі пайдаланылған): - беттеріне 1-1,5 см лай дағылған қабырғалаларының ішкі беттері ақ түсті әкпен әктелген.

Кейбір археологиялық қазба материалдары, соынң ішінде қара түсті ангоб жағылған шин мен тостаған және жапсырмалы әдіспен жасалған көзе ескерткішті б.з.д. IV-II ғғ. мерзімдеуге, яғни Шығыс Арал өңірінде өмір сүрген халықтардың материалдық мәдениеті мен жерлеу дәстүрінің кейбір қырларына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Қазба жұмыстары барысында алынған ақпараттар сол дәуірдің жерлеу-ғұрыптық дәстүрін , шаруашылық және әлеуметтік жағдайын толығымен қалпына келтіру мәлелері бойынша түсінігімізді кеңейте түсті. Зерттелген жайларға қарағанда, Шығыс Арал өңірінің көне тұрғындары жерлеу ғұрыптары мен ерекшеленетін бірнеше тайпаларға немесе руларға бөлінген деген жорамал айтуға болады. Сонымен қатар, зерттеліп жатқан аймақтағы тұрғындардың жерлеу дәстүріндегі ерекшеліктер этникалық емес, әлеуметтік сипатта болған деген болжамды да теріске шығармаймыз. Бұл өз кезеңінде деректік базаны кеңейту мақсатын жүзеге асыруды қажет етеді. <ref>Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы, Қызылорда облысы, Алматы: Аруна баспасы , 2011</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер