Есік жазба ескерткіші

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Есік жазба ескерткіші.jpg
Есік жазба ескерткіші
Сурет:Есік жазба ескерткішіндегі жазу.jpg
Есік жазба ескерткішіндегі жазу

Есік жазба ескерткіші – Қазақстандағы сақ дәуірінен сақталған жазба ескерткіш.


1970 жылы Іле өңірінің тау бөктеріндегі Есік қаласы іргесінен сақ дәуірінде (б.з.б. 5–4 ғасырларда) салынған үлкен қорым қазылды. Қазу жұмысына жетекшілік еткен – К.Ақышев.

Мазардың ішінен алтынға бөленген жауынгердің мәйіті, дулығасы, алтын сапты қанжары мен семсері, түрлі ыдыс-аяқ және жұмбақ жазуы бар күміс тостағанша табылды. Күміс тостағаншаның сыртқы жағына ойылған 26 таңба екі жолға жазылған. Үстіңгі жол тостағаншаның тура түп ортасына, ал астыңғы жол бүйір тұсына жиектей ойылған. Үстіңгі жолда 9 таңба, астыңғы жолда 17 таңба бар (оқшау тұрған таңбаны қоса есептегенде). Күміс тостағаншадағы осы таңбалар, біріншіден, көне түркі сына жазулары таңбаларына ұқсас, екіншіден, Жерорта теңізі төңірегіндегі көне әліпбилік таңбаларға (әсіресе, көне грек пен арамей әріптеріне) үйлеседі. Есік жазба ескерткішінің көне түркі тілінде оңнан солға қарай оқылуы: Үлгі:Дәйексөз

Сақ дәуіріндегі бұл көне түркі жазуы, біріншіден, адам о дүниеге барғанда өмір сүреді, азық-түлік керек етеді деген сенімді білдірсе, екіншіден, халықтың сыртқы дұшпандарды жеңуге бел байлағанын көрсетеді, үшіншіден, халықтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болуға ұмтылған тілегін білдіреді. Бұл жазудың аса бір құндылығы – ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі көне түркі тілі болғандығын тағы да нақты дәлелдей түседі. Сондай-ақ Қазақстан жеріндегі алғашқы көшпелілерде жазу-сызу болмады-мыс деген пікірдің ешбір негізсіз екенін айқындап, бұдан 2500 жыл бұрын түркі тілдес тайпалардың жаза білгендігін және оның кең түрде пайдаланылғандығын куәландырады.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті