Дәркембай Шоқпарұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Дәркембай (Дәркенбай) Шоқпарұлы (23.5.1946, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылы. – 20.5.2006, Алматы; Ақши ауылдың маңындағы Ошақбайда жерленді) – қолөнер шебері, педагог, этнодизайншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998).

Мәдениет саласындағы қызметі

Қолөнер шебері, ұстаның отбасында дүниеге келген. Жастайынан ұсталық өнерге әуес болып өсті. 1972 жылы ҚазПИ-дің (ҚазҰПУ) көркемсурет-графика ф-тін бітірген. 1972 – 82 жылы Алматы қаласындағы Республикалық қолөнер мұражайында, “Қазреставрация” бірлестігінде бас суретші-реставратор ретінде қызмет атқарды. Шоқпарұлы қазақтың ұлттық қолөнері бұйым-заттарын қайта жаңғыртып, осы заманға орай сәнді етіп жасауда көп ізденіп, нәтижесінде ағаш, сүйек, металл, тері, жүн, киіз, мата, ши, қамыс, тас, қыш, шыны, т.б. материалдардан неше түрлі сәнді қолөнері бұйымдарын (мысалы, сандық, 1972; жан торсық, 1975; қымыз ыдыс-аяқтары, 1983; ер-тұрман, 1985) жасады.
Шебердің қолынан туған әдемі бұйым-заттар (алқа, білезік, шолпы, т.б.) халықтың ежелден келе жатқан қолданбалы өнер туындыларының озық үлгілерін қайта тірілтті. Шоқпарұлы халықтың музыкалық аспаптарын (дабыл, 1975; шертер, 1978; дауылпаз, 1979; домбыра, 1982) жасауда да өзінің эстетикалық талғампаздығын танытумен бірге нағыз ұсталық өнердің ісмері екенін дәлелдеді.

Шоқпарұлының есімі Алматы облысында тұрғызылған бірқатар ескерткіштердің (мысалы, А.Розыбақиев, 1977, Еңбекшіқазақ ауданы; Құланаян Құлмамбет, 1998, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылы; Мұхтар Әуезов, 2000, Есік қаласы; т.б.) авторы ретінде де белгілі. 1981 жылы Алматы қаласында ашылған халық музыка аспаптары мұражайының бұйымдарын жинау мен толықтыру жұмысына да белсене ат салысты. Шоқпарұлының қолымен жасалған әр алуан музыкалық аспаптар кезінде “Адырна”, “Алтынай”, “Сазген”, т.б. ансамбльдерде кеңінен пайдаланылды. Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы, доцент, профессор, металл мен ағашты көркемдеп өңдеу кафедрасының меңгерушісі болып, педагогикалық қызметпен де айналысқан. Ол 1996 жылы туған ауылында “Асыл” атты қолөнер шеберхана-мектебін (оның қорында 5 мыңға жуық экспонат бар) ұйымдастырды.

Шоқпарұлы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлықтың лауреаты (1982).

Шығармашылығы

Шоқпарұлы халықтың қолданбалы өнері, оның шығу тегі мен атаулары, этнографиясына байланысты мерзімді басылымдарда көптеген ғылыми-танымдық мақалалар, сондай-ақ кітаптар мен әдістемелік-оқу құралдарын (“Өрім өру”, 1994; “Домбыра жасау”, 1996; “Бесікке бөлеу – бабалар дәстүрі”, 2001, т.б.) жазды.
Д<ref>әркембай Шоқпарұлы. Альбом, Алматы, 2005.</ref><ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}