Даут Абдуллаев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Абдуллаев Даут (1883, бұрынғы Әулиеата уезі, Жалпақтөбе а. - 1937, Тараз қ.) - дүнген халқынан шыққан қоғам қайраткері. Жасынан әр түрлі кәсіппен шұғылданып, қазақ, қырғыз, ұйғыр, орыс және өз ана тіліне жетік болып өседі. 1917 жылы қарашада БПК мүшесі қатарына өтіп, Әулиеата уезі атқару комитеті құрамына кірді. Уезде дүнген полкын құруға белсене атсалысып, М.Масанчи мен Б. Шагабутдиновпен тығыз байланыс орнатады. 1920 ж. дүнгендерден тұратын әскери жасақтың эскадрон комиссары болады. Жетісу казачествосының Бойко басқарған полкін талқандауға қатысты. Жетісу облысының төтенше комиссиясы бастығы Суворовтың қарамағында болып, Қасымхан Чанышевпен бірге Дутовтың көзін жою операциясына қатысады. 1922-1924 ж. Меркі аудандық милиция бастығы, 1924 ж. мамыр айынан Әулиеата уездік милициясының бастығы болды. Ұжымдастыру жылдарында Абдуллаевтың басшылығымен дүнгендердің "Саңлақ", "Жалпақтөбе" деген ұжырымшалары құрылды. Осы екі ұжырымшаларды басқаратын Полатқосшы ауылдық кеңес төрағасы қызметін Абдуллаев атқарады. 1935-1937 ж. Қазақстан сауда халық комиссариатының Әулиеата қаласындағы өкілі болды. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға жабылды. Онымен бірге жауынгер Жаркенттен Әулиетаға қонаққа келген Чанышев те ұсталған. Абдуллаев ОГПУ үштігінің шешіміне сәйкес ату жазасына кесілді. Жалпақтөбе ауылының бір көшесіне, мектепке Абдуллаев Дауттың есімі берілген. <ref>"Тараз, Жамбыл облысы" энциклопедиясы, Алматы 2003</ref>