Гильдий және антрепренерлік жүйе

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тарихта элита құрамын қалыптастырудың екі түрлі жолы, сұрыптаудың екі жүйесі орныққан. Олар "гильдий" және "антрепренерлік" деп аталады. Бұл сұрыптау жүйелері өмірде таза күйінде өте сирек кездеседі. Дегенмен антрепренерлік жүйе демократиялық мемлекеттерге, ал гильдий жүйесі тоталитарлық режимге тән болып келеді.

Гильдий жүйесі

Гильдий жүйесіне тән ерекше сипаттар мыналар: 1) Жабықтық. Элитаның құрамына кез келген адам өте алмайды, жоғары қызметке элитаның төменгі буынындағы адам біртіндеп, сатылып көтеріледі. Жоғарыға ұмтылған қызметкер әр қадамын аңдып басып, аяғының ұшымен жүреді, жоғарының көзіне түсуге ұмтылады, шыдамдылық көрсетуге мәжбүр. 2) Элита құрамына кіруге ұмтылғандар мен элита ішіндегі қызмет сатысымен көтерілушілерге қойылатын сүзгі, формальды талаптар көп: партия мүшесі екендігі, жас мөлшері, еңбек стажы, білімі, осының алдындағы қызмет дәрежесі, істеген жерінің берген мінездемесі, т.б. Осындай талаптардың кез келгеніне сәйкес келмеген үміткерді кері қағып тастау оп-оңай. 3)Селектораттың, сұрыптау жасайтын адамдар тобының құрамы өте аз және ол топқа кім кіретіні құпия ұсталады. Негізінен алғанда элитаның құрамын жоғары лауазымды басшылар тобы анықтайды. Оның шешімімен ешкім таласа алмайды. Гильдий жүйесі ішкі қайшылықтарға, ашық бәсекеге, әбігерлікке, бей –берекеттікке жол бермейді. Сонымен қатар, басқару жүйесінің бюрократтануына, консерватизмге, конформизмге, элитаның қоғаммен бөлініп, ақсүйек топқа айналуына мүмкіндіктер туғызып жол ашады. Кеңестер одағы тұсында гильдий жүйесін бізде номенклатура деп атайды. Номенклатура құрамы мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып, реттеліп отырады. Оның құрамына болып, қызмет басқыштарымен көтерілудің басты өлшемдері мыналар: идеологиялық және саяси конформизм; жоғары тұрған басшыға «адал» қызмет ету, ыңғайына жығылу, ретін тауып жағыну; көзге түсу; туыстық және жершілдік байналыстар, жең ұшынан жалғасу, «бармақ басты, көз қысты» принципіне жүгіну; өзіндік позицияның, жеке пікірдің болмауы, аппараттық ойындардың айла-тәсілдерін игеру; дер кезінде жұмысы жөнінде көзін тауып хабарлай білу, тапсырылған істі тігісін жатқызып орындау, т.б. Сүзгінің мұндай нормалары адал, іскер, қабілетті, өзіндік ой-пікірі бар адамдарды шетке ығыстырады да, дарынсыз, жалтақой, сұрқай басшылардың типін қалыптастырады. Бізді ұзақ жылдар бойы осындай номенклатуралық қасиеттерді бойына әбден сіңірген «қайраткерлер» басқарып келді. Қабілетті, белсенді адамдардың өсуіне бір ғана номенклатуралық жол бар еді. Олар номенклатураның талаптарына бас иіп, өздерінің табиғи қасиеттері мен қабілеттерін «өшіріп», аппараттық ойынның тәртібін қабылдауға тиіс еді. Болмаса қызметтен айырылып, өз жөнін табатын. Номенклатуралық элитаның өз ішіндегі қарым-қатынас өте күрделі. Саяси және басқарымдық шешімдер қабылдау ісіне қатысуға ұмтылу-ішкі ашық жүргізілмейтін күрес объектісіне айналады. Мұнда қызмет лауазымы, мәртебе, бірінші басшымен көңілдестік шешуші роль атқарады.

Антрепренерлік жүйе

Антрепренерлік жүйе гильдий жүйесіне қарама-қарсы. 1) Ол ашық жүйе. Қоғамның әр қатпарының, түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің элита құрамына өтуіне кең мүмкіндіктер бар. 2) Мемлекеттік қызметке ұмтылғандарға қойылатын формальды талаптар саны аз. 3) Селекторатттың аумағы кең, тіпті елдегі бүкіл сайлаушылар элита құрамын анықтауға қатысуы мүмкін. 4) Элита құрамына өту үшін талас үлкен бәсекеге, шиеленіскен таласқа толы. 5) Таңдау, сұрыптау барысында үміткерлердің беделі, қабілеті, іскерлігі, көрегендігі, саяси белсенділігі-бәрі үлкен мәнге ие болып, міндетті түрде ескеріліп отырады. Жоғарыда айтқанымыздай, антрепренерлік сұрыптау жүйесі негізінен демократиялық қоғамға тән. Америка Құрама Штаттарында оны – истеблишмент деп атайды.

Қазақстандағы саяси элитаның қалыптасу жүйесі

Бүгінгі Қазақстан жағдайына келетін болсақ саяси элитаның қалыптасу жүйесі өте күрделі екенін аңғарамыз. Кеңестер одағы тұсында қалыптасқан номенклатуралық жүйені бұзу оңайға түсе қойған жоқ. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы қанға, сүйекке сіңіп, сананы жаулап алған әдет-салтты мүлде серпіп тастау, әрине, өте қиын екені түсінікті. Біріншіден, билік тұтқасын ұстап, айытқаны жүріп тұрған номенклатураның жоғары эшелондарындағылардың көбі Одақ ыдырап, тәуелсіздік енді ғана жарияланып, ел іші абыр-сабыр юолып жатқанда өз үлестерінен айырылып қалмаудың амалын әбден қарастырды. Отырған креслоларын оңтайлы ауыстырды, есіктің маңдайшасындағы жазуларды өзгертті, бұзылып жатқан дүниеден қармап алуды, жиенінің немесе құдасының атына фирма аша қойып, май шелпектен қомағайлана асауды да ұмытқан жоқ. Ең қиыны-олар ұстаған билік тұтқасынан ажырамауға жан салып, тоталитарлық бұйрықшыл-әміршіл басқару әдістерін бірсыпыра уақыт жалғастыруға мейілінше тырысты. Номенклатураның жұрнағы әлі де етектен тартуынан тиыла қойған жоқ. Екіншіден, ел билеген коммунистердің арасында өз елінің шынайы патриоттары да аз емес-ті. Тәуелсіздік пен демократияны, ең алдымен солар қолдап шықты. Одан басқа да тәуір қызмет орнына отырғызса, қай қоғамға да талғамай қызмет атқара беретіндер де басшылық болатын. Үшіншіден, біздің елде гильдий-номенклатуралық жүйенің ыдырауымен бірге, демократия жолын таңдап, батыл саяси реформалар жасауңа бет бұруымызға орай антрепренерлік сұрыптап таңдау жүйесі біртіндеп қалыптасып, күш ала бастады. Номенклатуралық жүйенің қазанына түсіп көрмеген, тоталитаризмнің тепкісін көп көре қоймаған, ешкімнің алдында именуді бастан кешірмеген, білімді, қабілетті, батыл шешімдерге бара алатын жастарға жол ашып, үлкен сенім көрсетіп, аса жауапты мемлекеттік саяси істердің тұтқасын қолдарына ұстату дәстүрі нық қалыптасып келеді. Қазақстанда, міне, осындай қат-қабат кереғар процестер жүріп жатыр. Алайда соңғы бағыттың болашағы үлкен, қарымы кең екені даусыз. <ref>Сыдықов Ұлықпан. Саясаттану. - Алматы: "Эверо", 2012. - 132 бет, (83-87б.)</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер