Вашингтон конференциясы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Вашингтон конференциясы

Шақырылу себебі

XX ғасырдың 20-жылдарында АҚШ Версаль бітімінің қайта қаралуын талап ете бастады. АҚШ-тың ойы Париж конференциясында сыртқы саясаттың жеңіліс табуы, жаңадан Батыс Еуропа елдерін өзінің билеу саясатын жүзеге асыруға көндіру болды.

Конференция барысы

АҚШ үкіметінің тікелей ұсынысымен 1921 жылы 12 қарашада бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының үш жылдығына орай Вашингтон конференциясы ашылды. Конференция жұмысына тоғыз ел - АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Ита­лия, Бельгия, Голландия (Нидерланд), Португалия және Қытай қатысты. Конференцияны ашуда сөз сөйлеген АҚШ президенті Гардинг салтанатты түрде: «Біз дүниежүзінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін бас қосып отырмыз» - деді. Аме­рика Құрама Штаттарының конференциядағы ұсыныстары мен мақсаты төмендегідей болды:

Біріншіден, Қытайдағы Жапонияның ықпалын әлсірету; екіншіден, Англияның әлемдік мұхиттар мен теңіздердегі үс- темдігін әлсірету; үшіншіден, Тынық мұхит аралдарында ман- даттық статускво құқықтарының сақталуын бақылау. Вашинг­тон конференциясы 1922 жылы 6 ақпанда аяқталды. Вашингтон конференциясының барысында АҚШ өзінің дүние жүзіндегі қаржылық үстемдігін пайдаланып, өзінің негізгі қарсыластарын көндірді де, дүниежүзілік билеу саясатын жүргізуге жол ашты.

Тоғыз держава келісімі

Біріншіден, 1922 жылдың 6 ақпанында «тоғыз держава келісіміне» қол қойылды. Мұнда Қытай елінің егемендігі мен жер тұтастығы екі жүзділікпен жарияланып, «ашық есік» және «тепе-тең қатынас» принципі ұсынылды.

АҚШ-тың «ашық есік» саясаты 1899 жылы жарияланған болатын, ол Вашингтон конференциясында 1922 жылы жүзеге асты. Бұл саясаттың негізгі мақсаты - Қытайдағы Жапонияның ықпалын әлсірету еді. Сөйтіп, «тоғыздық келісім» барысында Жапония Қытай экономикасына салып отырған заем және несиеден, сондай-ақ Маньжуриядағы салып жатқан темір жол құрылысынан бас тартты. Қытайдағы кеңесшілерін кейін шақы- рып алды. Сонымен қатар, Шаньдун түбегін де Қытайға қайтарды. Сөйтіп, Жапония Қытайдағы беделінен айырылды.

Бес ел келісімі

Екіншіден, конференцияда «бес ел келісіміне» қол қойылды. Соғыс-теңіз қару-жарақтарын қысқарту туралы мәселе бойынша сөз сөйлеген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Чарльз Эванс Хьюз мынадай ұсыныстар жасады: жоғары тоннаждағы линкор соғыс кемелерін жасауды тоқтата тұру; ескі соғыс кемелерін жою; ұлы держава елдері арасындағы соғыс-теңіз кемелерінің арақатынасын реттеу. АҚШ-тың негізгі ойы жаңадан соғыс- теңіз кемелерін жасап, Англияның әлемдік сулардағы үстемдігін әлсірету болатын. Конференциядағы «бес ел келісіміне» сәйкес елдер 35 мың тонналық кеме жасаудан бас тартты. Бұл келісімге АҚШ, Англия, Жапония, Франция және Италия қол қойды. Кеме жасаудағы үлес салмағы АҚШ - 5, Англия - 5, Жапония - 3, Франция - 1,75, Италия - 1,75 болып пропорциялық түрде белгіленді. 575 мың т. линкор жасау - АҚШ және Англия үлесіне, 315 мың т. линкор жасау Жапонияға және 175 мың тоннадан Франция мен Италияның үлесіне тиді. әрбір линкор салмағы 35 мың тоннадан артпау керек. Сонда АҚШ пен Англия 15 линкор жасай алады.

Төрт елдік келісім

Үшіншіден, Вашингтон конференциясында АҚШ, Англия, Жапония және Франция «төрт елдік келісімге» қол қойды. Бұл келісімде «Тынық мұхит аралдарын пайдалану құқықтарын реттеу» сөз болды. АҚШ-тың мақсаты - Тынық мұхит арал дарындағы Жапонияның беделін әлсірету және 1902 жылғы ағылшын-жапон келісімінің күшін жою болды. Жапония делегациясы бұл келісімнің жойылуына қарсы тұрды. Ағылшын уәкілі: «Сіздер қорықпаңыздар, бір келісімнің орнына төрт келісім қабылданды» - деп жапондықтарды тыныштандыруға тырысты. Жапон делегациясының уәкілі: «Сіздер бәрібір біздің келісімді жерге көмдіңіздер» - деген жауап қайтарды.

Вашингтон конференциясының тарихи маңызы

Сонымен 1921-1922 жылдардағы Вашингтон конференциясы Америка Құрама Штаттарының ең ірі жеңісі болды. Олар Париж конференциясындағы жеңілістің есесін қайтарды. АҚШ- тың дүниежүзін билеу және ұлы державалық саясаты асықпай іс жүзіне аса бастады. Бірақ, Версаль-Вашингтон келісімдер жүйесі империалистік елдер арасындағы қайшылықтарды жоя алмады. КСРО үкіметінің сыртқы саясатының қалыптасып, нығая түсуіне байланысты АҚШ көп жылдар бойына өзінің билеу саясатын еркін жүргізе алған жоқ. Версаль-Вашингтон жүйесі, ұлы держава елдерінің арасындағы қайшылықтар, фашизм және агрессиялық елдер саясаты екінші дүниежүзілік соғысқа әкелді