Ботағай кесенесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ботағай кесенесі (Ботоғай, Татағай) — ХІ-ХІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші. Кесене Астана қаласының батысынан 120 шақырым жерде Ақмола облысы Қорғалжың ауданындағы Нұра өзенінің сол жақ жағалауында, Қорғалжың ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан.

Ботағай кесенесі ерте замандардан келе жатқан бай тарихымыздың куәгері. Сонымен қатар бұл Қазақстандағы ортағасырлық жалғыз кесене. Ботағай кесенесі көптеген елдің айтуына қарағанда, Қазақстандағы сәулет-құрылыс өнерінің қайталанбас үлгісі болып табылады. XIX ғасыр ортасы кезінде кесене қалыпты жағдайда болған, кейіннен ескірген.

Алғаш рет ХVІІІ ғасырдың ортасында П.Рычниковтың еңбектерінде аталады. ХІХ ғасырдан бастап Қазақстанның далалық аудандарын зерттеген түрлі зерттеушілермен, соның ішінде Г.Генс экспедициясымен 1815 жылы қаралған. Кесененің (сол кездегі орыс ақпарат көздерінде ғибадатхана деп аталған) бас қасбеті, жоспары және кескіні суреттелген алғашқы қысқаша сипаттамасы 1816 жылы И.Шангин экспедициясымен жасалған. Барлық зерттеушілер секілді, И.Шангин Ботағай кесенесін ерте замандағы Татығай (Бытығай) қаласының қалдықтары деп есептеген.

Бұл ескерткіш туралы мәліметтер Г.Спасскийдің (1818-1824), А.Шахматовтың (1831), А.Левшиннің (1832), И.Кастеньенің (1910), Л.Семеновтың (1930) жұмыстарында және Ш.Уәлихановтың (1855) еңбектерінде кездеседі.

1949 жылы Ботағай кесенесінің қалдықтары ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым академиясы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Ә.Марғұлан Татығай (Тотығай, Ботағай) қаласын Нұра өзенінің сол жағалауындағы ірі төбелердің біреуінің орнында деп көрсетіп, Каталондық картада (1375) Нұра өзенінің сағасында белгіленген Ахсикент қаласына балаған. 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Ботағай кесенесі 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының Жиынтық бөлімімен (жетекшісі Гүлнар Қамалова) зерттелген.

Қазба жұмыстары жүргізілгенге дейін ескерткіш диаметрі шамамен 30 метр, биіктігі 1,5-2 метр сопақ қалыпты төбе болып табылған. Оның төбесінде металлдан жасалған триангуляциялық бекет орналасқан. Қазба жұмыстарының нәтижесінде мөлшері 21х17,4 кірпіштен төселген алаңша және де саны аз болғанымен, осы аймақ үшін бірегей болып табылатын күйдірілген саздан қашап жасалған, геометриялық және өсімдік ою-өрнектері бар ілменақыштар табылған. И.Шангиннің берген сипаттамалары бойынша, Ботағай кесенесінің 1816 жылы ақ бұзылыстары болған, ол «тәп-тәуір сәулет нұсқасындағы ежелгі ғибадатхананың қалдығы» болып табылатын, «оның ішінде қабырғалары мен бағаналары сылақталған болатын». Оның қасында «соған ұқсас тағы біреуі болды, ат алыстау жердегі кейбір қирағандарының ұзындығы 300 сажынды құраған».

Осы куәліктерден көріп отырғанымыздай, Ботағай Нұра өзенінің сол жағалауында орналасқан, XVIII-XIX ғасырлардағы саяхатшылармен және зерттеушілермен орта ғасырдағы қате қабылданған ірі орта ғасырлық қорымның құрамына кіретін маңызды мемориалдық-табыншылық ғимараттарының бірі болып табылады. Сақталған суреттер, әдебиет көздері және зерттеу материалдары бойынша, кесене алебастр ертіндісінен жасалған мөлшері 26х26х4,5 см күйдірілген қызыл кірпіштен көтерілген, жоспарында тік бұрышты (11,4х8,9метр), биіктігі 10,6 метр үш бөлмелі порталды-күмбезді құрылыс болып табылады. Кесененің бас қасбеті оңтүстік-батысқа бағытталған<ref>Үлгі:Cite web</ref>.

«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының іс шараларының жоспарларында Ботағай археологиялық ескерткіштің зерттеу, сонымен қатар кесененің толығымен қайтадан қалпына келтіру бар. Бұл кейін туризм нысаны ретінде сәулет және археологиялық ескерткіштерімен қатар мазарды пайдалануға мүмкіндік береді<ref>Үлгі:Cite web</ref>.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер