Баянжүрек суреттері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Баянжүрек суреттеріжартастағы суреттер.

Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал (Жамбыл облысы)нан шығысқа, солтүстік - шығысқа қарай 25 км жерде, осы аттас тауда Жетісу, Жоңғар Алатауының Қаратау сілемінде сақталған. 1993 жылы Халықаралық қазақ - француз археологиялық экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) зерттеген. Суреттер құрамы мен мазмұны жағынан алуан түрлі. Мұнда қола дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейін осы өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдері мен дүниетанымын, философия, эстетикалық көзқарастарын баяндайтын жеке бейнелер де, көп бейнелі күрделі композициялар да кездеседі.

Ашық аспан астындағы суреттер көрмесінде қола дәуіріне жататын антропоморфты 2 ғажайып бейне бар. 1-ші суретте діни - ғұрыптық іс - әрекетті жүзеге асыру бейнеленген болса керек. Аяқтарының басы солға қараған, тізелері бүгіңкі, сирақтары параллель екі түзу сызық сияқты.

Кеудесі тік төртбұрыш тәрізді, ұзынша. Бір қолы доға тәрізденіп төмен салбыраса, екіншісі дәл сондай қалыпта жоғары көтерілген, мойны ұзын, үшбұрыштылау басын жан - жағына шашырай тараған 7 сәуле көмкеріп тұр. Бұл дінбасыларының немесе құдайға теңестірілген кейіпкердің ерекше діни - ғұрыптық іс - әрекеттер кезінде киетін әр түрлі нышандармен безендірілген арнайы бас киімі болуы мүмкін. Мұндай бас киім үлгілері Таулы Алтайдағы энеолит кезеңіне жататын Қарақол обаларындағы мәйіт жерленген тас жәшіктер қабырғаларына бояумен салынған суреттерде, Сібірдегі Oкунев мәдениеті, Самусь мәдениеті, тағы басқа археологиялық ескерткіштерде кездеседі.

2-ші суреттегі бейненің де кеудесі ұзынша, тізесі бүгіңкі, бірақ аяқтарының басы оңға қараған. Екі жұдырығы түйіліп, қолдары бүгіліңкі бейнеленген. Мойны ұзын әрі тік. Басындағы сәулелер жетеу. Сол жағында қос мүйізді ешкі мен анық емес зооморфтық бейне қашалған, оң жағына (қолының тұсында) жыртқыш құстың сұлбасын білдіретін онша анық емес бейне салынған. Солтүстік және Орталық Азияның далалық белдеулердегі осындай киімді антропоморфты бейнелердің хронологиялық шеңбері б.з.б. 3-ші мыңжылдықтың басынан 2-ші мыңжылдықтың ортасы мен аяғын қамтиды. Олар негізінен палеометалл дәуірінің Афанасьев мәдениеті, Окунев мәдениеті және осылармен тұстас не оларды алмастырған Андронов, Қарасу мәдениеттері кезеңіне жатады. Баянжүрек суреттерінің ішінде сақ стилімен салынған бейнелер, ғұнсармат кезеңіне жататын көріністер де бар. Жартастағы суреттердің көпшілігі - негізінен салт атты сарбаздар бейнесінде берілген көне түркі дәуірінің көріністері.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Бастама