Ақорда (резиденция)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Ғимарат

Ақорда резиденциясы — Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы.

Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығының аумағында 2001 ж. қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36 720 m2. Қазақстан Республикасы Президентінің Ақ ордасының ресми тұсаукесері 2004 ж. желтоқсанның 24 күні өтті.

Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 м. Қасбеттің қаптамасы қалыңдығы 20—40  см. болатын итальян мәрмәрынан жасалған. Ғимарат жер бетінде 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады, оның ішінде жер бетіндегі 1-қабаттың биіктігі 10 м., қалған қабаттардың биіктігі 5 м.

Жертөле қабаттарында техникалық қызмет, ас үй, асхана және гараж орналасқан.

Бірінші қабатта жалпы ауданы 1800 м2 құрайтын, еденіне гранит төселген салтанатты хол орналасқан.

Екінші қабатта қызметтік орынжайлар орналасқан.

Үшінші қабатта:

  • киіз үйге ұқсатып жасалған, мәрмәр және гранит таспен өңделген Шығыс залы;
  • сыйлықтар мен сенім грамоталарын тапсыру залы;
  • екіжақты кездесулерге арналған «Алтын» зал;
  • камин залы;
  • қызметтік орынжайлар мен мәжіліс залдары орналасқан.

Төртінші қабатта:

  • қызметтік орынжайлар мен мәжіліс залдары;
  • Саммиттің Үлкен залы;
  • кітапхана;
  • кіші Шығыс залы орналасқан.

Барлық залдар ерекше мәнермен әрленген, люстралар мен жиһаз бар. Едендерге түрлі сортты мәрмәр, гранит тастары және көркем паркет төселген.

Резиденцияны салу барысында әлемдік ірі өндірушілердің озық инженерлік құрал-жабдықтары пайдаланылған.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

Сыртқы сілтемелер