Электроника

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Электроникағылым мен техниканың вакуумда, газда, сұйықта, қатты дене мен плазмада, сондай-ақ олардың бір-бірімен жанасу шекарасында байқалатын электрондық және иондық құбылыстарды зерттеуге және оларды қолдануға арналған саласы. Оның физ. Э. және тех. Э. деп аталатын басты екі саласы бар. Физикалық Э. электрондық және иондық құбылыстарды, электрондық және иондық приборларды, құрылғылар мен қондырғыларды құрастыру принципін, электрондық және иондық приборлардың көмегімен электр энергиясын қабылдау, түрлендіру және беру принциптерін, электрондар мен иондар ағынының затқа әсер ету механизмін теор. және тәжірибелік жолмен зерттейді. Техникалық (қолданылмалы) Э. электрондық және иондық приборларды, құрылғылар мен қондырғыларды ғылымда, өнеркәсіпте, байланыста, а. ш-нда, құрылыста, көлікте, т.б. салаларда пайдаланудың теориясы мен практикасын қамтиды. Э. пайда болмастан бұрын электр доғасы (1802), газдағы солғын разряд (1850), катод сәулелері (1859), т.б. ашылып, қыздыру шамы (1873) құрастырылды. Ғылым мен техниканың дербес саласы ретінде Э. тек 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қалыптасты. Бұл кезеңде термоэлектрондық эмиссия (1883), фотоэлектрондық эмиссия (1889) құбылыстары ашылды, электронды сәулелік түтік (1897), вакуумдық диод (1904), вакуумдық триод (1907), кристалдық детектор (1900 – 05) жасалды. Радионың ойлап табылуы (1895) Э-ның одан әрі дамуына шешуші ықпал етті. Э-ны адамның іс-әрекетінің әр алуан саласында пайдалану нәтижесінде ой еңбегі мен дене еңбегінің өнімділігін күрт арттыруға, өндірістің экон. көрсеткіштерін жақсартуға, басқа тәсілдермен орындалмайтын кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Тех. Э. радиоэлектроника, өнеркәсіптік Э., көліктік Э., мед. Э., геол. Э., ядр. Э., және т.б. жеке салаларға бөлінеді. Ал тех. Э-ның құрылғылары мен жүйелері ақпараттық Э. (атқарушы тетікті технол. процесс пен биол. нысанды басқару, өлшеу, қадағалау мақсатында қажетті ақпаратты қабылдау, жинақтау, өңдеу, сақтау, беру мәселелеріне арналды), энергет. Э. (электр энергиясын өндіру, түрлендіру және беруге арналады) және технол. Э. (материалдарды не бұйымдарды мех., термиялық, т.б. өңдеу мақсатында затқа эл.-магн. өрістің не бөлшектер ағынының тікелей әсер етуіне арналады) болып 3 класқа ажыратылады.