Алагоу обалары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Алагоу обалары — ежелгі сақ тайпаларынан қалған ескерткіш. Шығыс Тянь-Шань жоталарының оңтүстігінде Үрімші қаласынан 130 км. Тұрфан қаласының шығысына қарай 160 км жердегі Алагоу аңғарында орналасқан. 1976 — 78 ж. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы мұражайының Ваң Бинхуа жетекшілік еткен археолог экспедициясы зерттеген. Алагоу аңғарынан 80-ге тарта көне оба орны қазылды. Қазба кезінде ежелгі сақ ақсүйектерінің мәдениетін әйгілейтін жәдігерліктерге бай 4 оба ашылды. Обалар тастан үйілген, айналасы да тастармен төртбұрышты етіп қоршалған. Терең (6-7 м) қазылған қабірлердің түбінде шырша бөренелерінен тік төртбұрышты етіп қиюластырылған жандама жасалған. Мәйіттер басы батысқа беріліп, шалқасынан жерленген. Қабірлерден қыш ыдыстар, Сақ мәдениетіндегі дәстүрлі “хайуанаттық нақышпен” алтыннан, күмістен, қоладан жасалған сәндік және ғұрыптық бұйымдар табылды. Олар — бір-біріне айбар шегіп тұрған барыс бейнесі бедерленген 4 ұзын алтын пластина (26х3,5 см), артқы аяқтары арқасына қарай қайырылған арыстан (жолбарыс) бейнесі түсірілген алтын пластина (20,5х11 см), диамертлері 5,5-6 см келетін барыс бейнесі түсірілген 8 дөңгелек алтын қапсырма, тағы да осындай жыртқыш аңдардың басы бейнеленген төртбұрышты не қалқан пішіндес 7 күміс қапсырма, алтын алқа, сонымен қатар жүзге тарта әр түрлі алтын әшекей заттар. Ғалымдар Алагоу обалары ескерткіштерін қабір құрылысы мен жерлеу салты, табылған өнер бұйымдарының жасалу стилі мен мазмұны және антропол. материалдарға жасаған талдаулар нәтижелеріне қарап, дәуірі жағынан тұстас келетін сақтардың Жетісудағы әйгілі Есік пен Бесшатыр және Алтайдағы Пазырық мәдениеті ескерткіштеріне ұқсас екенін, оларды жасаушылардың туыстас, жақын тайпалар болғанын дәлелдеді. Алагоу обаларынан керамикалық ыдыстар, жібек тоқыма бұйымдарының табылуы сақтардың Тарым ойпатындағы халықтармен, Қытаймен тығыз мәдени-сауда байланыстарының болғанын көрсетеді.

Дереккөздер

Қазақ ұлттық энциклопедиясы

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Алагоу обалары|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}