Айткүл Құдайбергенова

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Айткүл Құдайбергенова – Төл құжат бойынша, толық есімі Биғалиева Айтжамал КәкімқызыҚазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі (1998 ж.). Жұбайы Қанат Жолдыбайұлы Құдайбергенов екеуі домбырамен ең алғаш болып қазақ әндерін дуэтпен орындаған кәсіби әншілер.

Өмірбаяны

Айткүл Кәкімқызы 1957 жылы, 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Кәкім, анасы Бижамал өнерге етене жақын жандар. Ауылдың бетке ұстар әнші, күйшісі болған. Әкесі домбырамен, ал Бижамал анасы мандолина немесе гармоньмен қосылып, қос дауыста ән шырқайтын. Өзінен кейінгі інісі - Арыстанбек сауатты музыкант, талапты өнерпаз, әрі ауылдық клубтың қызметкері болып істеген. Сіңілдері Бақытгүл, Жаңыл, Құралай өнерден құр алақан емес.

Бала кезінен ән айтуды, би билеуді құмар қылған бойжеткен Айткүл, 1975 жылы Алматыдағы жастар эстрада-цирк студиясына (қазіргі Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжі) атақты Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класына оқуға түседі.

1976 жылы профессор Құбыш Мұхитовтың класында оқитын Қанат Құдайбергеновке тұрмысқа шығады. 1977 жылы екеуі оқуды үздік бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық филармониясының жанындағы "Гәкку" жастар эстрадалық ансамблінде жұмыс істейді.

1983 жылы мемлекеттік "Гүлдер" ансамбліне шақырылып, 1988 жылға дейін еңбек етті. Қанат Жолдыбайұлымен екеуінің шығармашылығы жоғары деңгейге көтерілді. Әлемнің түпкір-түкпірін, көптеген шет мемлекеттерін, Совет Одағын аралап, гострольдік сапармен қазақтың қара домбырасымен, қазақ өнерін дәріптеді. Бірнеше республикалық және халықаралық фестивалдардың жүлдегері болды. Бүкілодақтық жастар творчествосы конкурсының лауреаты атағын алды.

1988 жылдан бастап Алматы облыстық филармониясында отбасылық ансамбль құрып, еңбек етіп келеді.

1998 жылы Елбасының жарлығымен "Қазақстан Ресбуликасына еңбек сіңірген әртісі" атағы берілді.

Қанат Жолдыбайұлымен сахна төрінде қос аққудай болып, қазақ әндерін домбырамен бірлесе орындап жүріп өмірге үш ұл бала мен бір қызды әкелді. Өнер жолында тынымсыз еңбектен жүріп, балаларына үлгілі тәрбие мен жемісті білім беріп, оларды да өнер шыңына көтерді. Бұл күнде балалары Ербол – күйші, домбырашы, Айбол – шертерші, Ерболат – барлығымыз танитын белгілі әнші, ал осы үш ұлдың ортасында гүлдей жайнап өскен Салтанат – Т.Жүргенов атындығы өнер академиясының түлегі. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» – демекші үш азамат бір қыздың өзіне сай өнерлері мен жемісті натижелері жетерлік.<ref>Құсайынов К., Тастанов И., Біржансалұлы Қ. Қ 78 "Хантәңірі етегі – Райымбек баба мекені", Алматы: "Дәуір-Кітап" 2000. – 336-бет. ISBN 9965-465-13-4</ref>

Сілтемелер

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер